Қоғам

Қазақстанда төтенше жағдай (ТЖ) жарияланып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларының және Ақмола, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда облыстарының карантинге жабылуы – бірқатар азаматтардың жұмыстан қысқаруына әкеліп соқты. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде (еліміздегі минималды жалақы) жәрдемақы төлеуді тапсырған. Алайда осы жәрдемақыны алуға байланысты халық арасында көптеген түсінбеушілік туындап жатыр. Осы орайда түйткілді сұрақтарға жауап табуға тырыстық.
Қазіргі күні 42 500 теңге әлеуметтік төлем алатын азаматтар санаты кеңейтілген. Соңғы өзгеріс бойынша бұл көмекті кімдер ала алады? Ал кімдер алмайды?, — деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Сонымен, бірінші кезекте, бұл көмекті кіші, орта және микро бизнестің жұмыссыз қалған жұмысшылары, карантин енгізілген аймақтардағы ірі кәсіпорындардың қысқартылған, жұмыстан босатылған және ақысыз демалыстағы азаматтары алады. Алайда бұл ереже барлық аймақтағы емес, тек карантин енгізілген аймақтардағы (облыс, қала, аудан) орналасқан ірі кәсіпорындарға байланысты. Карантин жоқ өңірлердегі ірі кәсіпорын жұмысшыларына бұл көмек төленбейді. Көмекті алатын азаматтар қатарында – ИП (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелгендер және ИП болып тіркелмей-ақ өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ — ЕСП) төлеп отырғандар, жеке практикамен айналысатын адвокат, нотариус, медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша табыс тауып отырғандар бар. Жалпы, төтенше жағдайға байланысты жұмысы тоқтап қалған барлық азаматтар бұл көмекті алуға толық құқылы. Бұл ретте, ақысыз демалысқа кеткен азаматтардың тізімін жұмыс беруші өкілетті органға (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне) жібереді. Сосын барып аталған орган жәрдемақы тағайындайды. Егер «жұмыс уақытша тоқтатылды» деген бұйрық шықса, онда 42 500 теңгені жұмыс беруші төлейді.
Ал аймақтарда қол жұмысымен айналысатын, бірақ ол қызметін ешқандай құжат түрінде заңдастырмаған азаматтар да жетерлік. Олар бұл әлеуметтік төлемнен үміттене ала ма деген ойға келсеңіз, онда ресми жұмысыңыз жоқ болса, онда соңғы 12 ай ішінде жасаған (кемі 1 мәрте) әлеуметтік төлеміңіз болуы тиіс. Жалпы, соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік төлем жасау – 42 500 теңгені алудан үміттенген барша азамат үшін міндетті шарт. Адам еңбек шартымен, не жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеген кезінде, не жеке практикамен жұмыс атқарғанда – міндетті зейнетақы жарнасын және әлеуметтік аударым төлейді. Егер осы талапқа сай болса, онда әуелі egov.kz порталы арқылы онлайн түрде электронды-цифрлы қолтаңба алып, тіркеліп, әлеуметтік төлем алуға өтініш жібере алады. Әлеуметтік аударым дегеніміз – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылатын міндетті төлемдер. Яғни, жалдамалы жұмысшылар да, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да, елімізде тұрақты табыс тауып отырған шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар да МӘСҚ аясында сақтандырылуы тиіс. Әлеуметтік аударым жасаған адам кейін мемлекеттен әлеуметтік төлем ала алады. Ереже бойынша, сіз бір қиын жағдайға ұшырасаңыз, сол әлеуметтік сақтандыру қорындағы ақшаңыз сізге көмек болып келеді. Ал қазіргі ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ – баршамызға қиындық болып тиіп отырғаны белгілі. Әу баста бұл төлемді алатын азаматтардан:
— табысынан айырылғанын растайтын құжат;
— ақысыз демалысқа кеткені жөніндегі бұйрықтың көшірмесі;
— әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарнасының бар-жоғын дәлелдейтін қағаз талап етілген. Кейіннен бұл шарттар алынып тасталды. Мемлекет сіздің өтінішіңізді 3 күн ішінде қарайды. Ешқандай еңбек шартынсыз, келісімшартсыз қол жұмысымен, фрилансерлікпен айналысып жүрген азаматтар egov-та жұмыссыз ретінде тіркеліп, егер соңғы 12 айдың ішінде кемі 1 рет әлеуметтік аударым жасаған болса, 42 500 теңге алуға өтініш бере алады. Сонымен қатар, қазір мемлекетіміз «Телеграмм-бот» желісі арқылы өтініш қабылдауды бастады. Ол жөнінде Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев Фейсбуктегі парақшасында: «Бізге қазір Bot-тың өте баяу жұмыс істеп тұрғаны туралы азаматтар шағымдануда. Бұл пайдаланушылар санының көптігіне байланысты. Сондықтан біз жүктемені азайту мақсатында Bot-ты аймақтарға бөлу туралы шешім қабылдадық. Өтінім беру алдында өз аймағыңызды таңдауыңыз қажет. Сондай-ақ, Еgov.kz және 42500.enbek.kz сайттары арқылы да өтінім қабылдау жалғасуда.
Сіздерден тексерілген сілтеме арқылы өтулеріңізді сұраймын, себебі кейбір «пысық» азаматтар өз арналарына жазылушыларды көптеп тарту үшін фэйк аккаунттарды іске қосуда», -дейді. Цифрлық даму министрі айтқан сенімді сілтемелерге төмендегілер жатады:

1 https://t.me/Help42500Bot

2 https://t.me/JambylObl42500Bot

3 https://t.me/Kostanai42500Bot

4 https://t.me/Karagandy42500Bot

5 https://t.me/Atyrau42500Bot

6 https://t.me/Turkistan42500Bot

7 https://t.me/Aqtobe42500Bot

8 https://t.me/Pavlodar42500Bot

9 https://t.me/Mangystau42500Bot

10 https://t.me/ZKO42500Bot

11 https://t.me/Qyzylorda42500Bot

12 https://t.me/SKO42500Bot

13 https://t.me/VKO42500Bot

14 https://t.me/NurSultan42500Bot

15 https://t.me/Shymkent42500Bot

16 https://t.me/Almaty42500Bot

17 https://t.me/AlmaObl42500Bot

18 https://t.me/Akmol42500Bot
Егер сіз дәл қазірге дейін әлеуметтік аударым жасамаған болсаңыз, мен 42500 теңге әлеуметтік көмектен қағылдым деп ойламаңыз. Шұғыл түрде сол төлемді жасасаңыз, Сіз де осы көмекті алуға құқылы боласыз. Әлеуметтік аударымды жасау – жұмыс берушінің міндетіне жатады десек те, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ — ЕСП) жасап отырса, әлеуметтік аударымды әркім өздігінен де жасай алады. БЖТ көлемі егіміздің мегаполисі болып табылатын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласының азаматтары үшін ай сайынғы – 1 АЕК (2651 теңге), ал басқа өңір тұрғындары үшін – 0,5 АЕК, яғни 1325 теңгені құрайды. Бірыңғай жиынтық төлем жасайтындар – бала күтуші, сантехник, электрик, массажист, шаштараз сияқты жұмыспен айналысатын азаматтар. Олар өздігінен бірыңғай жиынтық төлем жасау арқылы әлеуметтік аударым жасай алады.

 

Өз тілшіміз