Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа əдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай əлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Қазіргі күні ауданымыздағы мектептер мен кітапханаларда, əлеуметтік желілерде Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтуде. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты десек қателеспеспіз. Бұл – Абайға деген құрмет əрі ұрпақты тəрбиелеудің тиімді тəсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жандануда. Тұңғыш президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау жəне оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мəселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсетіні сөзсіз. Абай өзінің туған халқымен мəңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мəңгілік өсиеті ретінде бағаланатынын айқын аңғартары сөзсіз. Қазақтың бітім-болмысын, мəдениетін неге Абай арқылы танытпасқа, деген ой туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан əлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс əдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нəр алғанын айтады. Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», дейді. Бұл ой-тұжырымға Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ал отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кəміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кəміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман əлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – əлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға. Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бəрімізге ой салады. М.Əуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде əлем əдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мəн-маңызы ашылуы керек. Ол əлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Абай – əлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», деген болатын зерттеушілер. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – əлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп əрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр. Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дəріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мəдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек. Əлемдік мəдениетте Абайды қаншалықты жоғары дəрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дəуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс. Дүниежүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей десек Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға оралады. Сол сияқты шетелдіктердің бəрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дəрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мəртебе емес пе? Абайды біз ел болып, мемлекет болып қалай дəріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дəстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Сондықтан да, қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің əлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.

Н.САБАҚАНОВА