Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (18451904) – ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға сүйене отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай шығыс пен батыс мәдениеті мен өркениетін жетік біліп, бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «қара сөздері» тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Аудандық кітапханада осы мақсатта көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекелік шаралар өтті. Атап айтар болсақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ұлы ойшыл, ғұлама» және «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» атты тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандарға таныстырылды. Кітап көрмелеріне кітапханашы Ф. Құлатаева библиографиялық шолу жасады. Ал Чапаев ауылдық кітапханасында «Мерейтой иелері» атты биылғы мерейтой иелеріне арналған тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кітап көрмесіне қазақ халқының ұлы ақыны, қара сөздің хас шебері, философ, қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған алғашқы классигі Абай Құнанбаевтың кітаптары мен баспасөз материалдары қойылды. №18 Ы. Ноғайбаев атындағы мектептің оқушыларымен «Абай сарындары» атты поэзиялық ән кеші өтті. Бұл кештің мақсаты – жас оқырмандарға Ұлы ақынның өнегелі өмірін таныстыру, оның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп оқуға, орындауға баулу. Кешке аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жаңабаев Ақылбек қатысып, Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным» сынды әндері орындалып, көпшілік қошеметіне бөленді. Шара барысында оқырмандарға «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты кітап көрмесі таныстырылды. Кешке 30 оқырман қатысты. Ұлы мұралардың бірі – қазақтың дәстүрлі өнері. Оны игеру, халықтың қажетіне жарату бәріміздің ортақ міндетіміз. «Абайдың сарыны» атты әдеби-сазды кеш өтіп, ақын поэзиясына қатысты дәріс оқылды. Шара барысында бүгінгі күндегі дәстүрлі өнеріміздің кең ауқымда дәріптелуіне, жалғасуын табуына, келешек ұрпаққа жетуіне үлес қосып жүрген Ақылбек Жанабаев Абай әндерін, Мұқағали туындыларын, Қ. Аманжоловтың әндерін орындап, әндердің шығу тарихы туралы мол ақпарат берілді. Кешке А. Аубакирова, Ж. Жанатқызы, Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Н. Кенжеғараев, Энергетик ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М. Сейдалиев, Іле аудандық Аналар кеңесінің төрайымы М. Жабиева, кітапханамыздың тұрақты оқырманы А. Қалиев, Іле аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, дәстүрлі әнші А. Жаңабаев, «Прогресс» колледжінің студенттері, №7 орта мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында оқырмандарға «Абай әлемі» атты информ студиясы, «Мерейтой иелері» атты кітап көрмесі таныстырылып, «Абай челлендж» атты видеошолу көрсетілді. Конференция барысында Абай Құнанбайұлы өскен орта, Абай поэзиясының алтын арқауы, Абай қарасөздерінің тәрбиелік мәні мен ақынның аудармалары төңірегінде Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Кенжеғараев Ноябрь Жанатұлы өз ойын ортаға салып, Абайтану саласында жазған монографиялары мен баспасөз беттерінде жарық көрген мақаларымен таныстырып өтті. Абайдың «Домбыраға қол соқпа», «Сегізаяқ» әндерін Ақылбек Жаңабаев орындап, №7 орта мектеп оқушылары Абай жырларын оқып, конференция соңында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан дайындалған сұрақтармен сергіту ойыны ойнатылды. Сонымен қатар, елімізде болып жатқан төтенше жағдай кезінде де кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары бос отырмай қашықтан онлайн түрде шаралар өткізді. Іле аудандық кітапханасына қарасты Чапаев ауылдық кітапханасында ұлы ақын А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық видеошолу өткізілді. Библиографиялық шолуды Чапаев ауылдық кітапханасының меңгерушісі Мамбетова Орал жасады. Сонымен қатар, Чапаев ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасы аясында қашықтықтан ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды. Осы уақытта жалпы 18 іс-шара онлайн түрде өткізілді. Хакім Абай поэзиясы қазақ әдебиетін жаңа белеске көтеріп, әлемдік әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеті топырағында өсіп-өркендеуіне зор септігін тигізгені анық. Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеді. Тек татулық бар жерде ғана әділет болмақшы. Тек әділет бар жерде ғана адал мен білікті, ынталы һәм іскер адам ғана өз мүддесіне жетеді. Сондықтан да Абай адамзатты әділеттікке шақырады. Біз «Абайды таныту арқылы Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», — деп Еліміздің тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаев айтқандай, орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін – Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдессіз құбылыс.

Н.САБАҚАНОВА