Біз біргеміз!

№19 орта мектеп мемлекеттік коммуналдық мекемесі «Қайырымдылық» акциясын жыл бойы, үздіксіз жүргізіп келеді. Мектеп ұжымы «Біз біргеміз!» акциясына бірауыздан белсене қатысуда. Мектеп директоры Бейсенбаева Маржан Жұмабекқызы әр істің басында мектеп әкімшілігіне, ұжымға үндеу тастап, үнемі ынтымақ пен бірлікте жұмыс жасауға шақырып келеді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда елді дүрліктірген пандемия кезеңінде қайырымдылық жасауды мықтап қолға алған ұжым мүшелері мектеп әкімшілігінен бастау алып, әдістемелеік пәндер бірлестігі бір-біріне эстафета жолдауда.
Мектеп әкімшілігінен эстафетаны бастауыш, ағылшын , физмат әдістемелік бірлестіктері қабылдап алса, физмат бірлестігінен эстафетаны қабылдап алған дене шынықтыру, технология және музыка пәндер бірлестігі. Қазақ тілі , тарих , орыс тілі , жаратылыстану әдістемелік мұғалімдері қашықтықтан оқыта жүріп, сабақтарынан тыс уақытта Ащыбұлақ ауылының тұрғындарына тегін бетперде үлестіріп, тұрмысы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасыларына азық-түлікпен көмек жасап, кішкентай бүлдіршіндерді қуантып, үлкендердің батасын алып, халықтың алғысына бөленді. Кейбір мұғалімдеріміз жеке-дара «Өз атымнан, өз жанұямның атынан» — деп жерлестеріне көмек қолын созып жатса, бірқатар ұстаздар оқудан қалып қалмасыншы деп, оқушылардың телефондарын бірлікке толтырып берді.
Мектебіміздің бірауызды ана-аналары да қарап қалмады. Әр сыныптың ата-аналары сыныптағы әр баланың отбасының тұрмыс-тіршілігін жіті бақылап, бір-біріне азық-түліктен көмек қолын соза білді. Осындай ігілікті іс-шараны әр сынып ата-аналары жалғастырып алып кетті. Тағы айта кететін нәрсе: қашықтықтан оқудың алғашқы күні-ақ ата-аналардың мұғалімдерге, мұғалімнің еңбегіне деген алғыстары ұялы телефондарынан қарша борады. Иә, біздер — мұғалімдер қауымы, сол күні ұстазға деген ерекше құрметке тағы да ие болдық. Әріптестер, жасаған сауапты істеріңізге Алланың нұры жаусын! Мектеп мұғалімдері
Бәріміз үйде болайық,
Орталыққа барайық.
Бетперделер таратып,
Індеттің алдын алайық,-десе,оқушыларымыз:
Қашықтан білім аламыз,
Өсті біздің санамыз.
Тазарған соң індеттен
Сағындырған мектепке
Алып-ұшып барамыз,-деп, алтын ұя — мектебіне жеткенше асығуда.Осылайша, біз бірігіп барлық қиындықтарды жеңетінімізге сенеміз.

Ә. Балғабаева,
Директордың оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасары
№19 мектеп,
М.Түймебаев ауылы