Алматы облысында өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын реттейтін жаңа қаулы қабылданды

0
548

 

 

 

Алматы облысында өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын реттейтін жаңа қаулы қабылданды. Қаулы 2020 жылдың 8 сәуірі күнгі сағат 08.00-де күшіне енеді.

Алматы облысында өңірдің мемлекеттік бас санитар дәрігерінің «Алматы облысының аумағында ҚР-дағы төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығына сәйкес шектеу шараларын күшейту туралы» № 5 қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес облыста коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған бұған дейін енгізілген шектеулер мен санитарлық-дезинфекциялық шаралар сақталып, одан әрі жалғастырылады.

Жаңа қаулыда өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандардың жұмыс ерекшеліктеріне айрықша назар аударылған.

Мәселен, қаулыға сәйкес меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдар, оның ішінде стоматологиялық ұйымдар; өнеркәсіптік, өндірістік кәсіпорындар және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері (жылу, энергия, сумен жабдықтау, тамақтану және т. б.); көктемгі егіс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жол жұмыстарын жүргізуге байланысты нысандар қызметін уақытша тоқтата тұруға жатпайды. Дәріханалар, оның ішінде ветеринарлық және азық-түлік дүкендерінің жұмысы әдеттегі режимде жалғасады. Сол сияқты көлік құралдарының қосалқы бөлшектерінің, тұқымдардың, көшеттердің, минералдық тыңайтқыштардың сатылуы, құрылыс материалдарының көтерме саудасы тауарларды босату тек алдын ала тапсырыс бойынша, дүкенге тікелей бармай, тапсырыс берілген тауарларды сатып алушылар келген кезде бере отырып, жүргізілетін болады.

Санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейте отырып халықпен жұмыс істеуді ресми такси қызметі де жалғастыра алады. Ол үшін көлік тиісті белгілермен (таксиге арналған дойбы) жабдықталуы және жүргізушінің жеке басы туралы ақпаратты жолаушыға көрнекті орында (жүргізушінің паспорттық деректері, кәсіпорынның деректері, телефон нөмірі, атауы, автомашинаның нөмірі) ұсынуы тиіс. Бұл ретте бір отбасы мүшелерін қоспағанда, жеңіл көліктегі адам саны 3-тен (жүргізушіні қоса алғанда) аспауы тиіс.

Елді мекен ішіндегі қоғамдық көліктер де жұмысын жалғастырады. Қалалық және аудандық автобустардың толымдылығы отырғызу орындарының 40% — нан аспауы тиіс. Дезинфекциялау және жуу құралдарын қолдана отырып әрбір рейстен кейін автобустарды, қоғамдық көлік аялдамаларын өңдеу (күніне кемінде екі рет) қажет. Қоғамдық көлікте қорғаныш маскасыз жүруге тыйым салынады.

Уақытша сақтау қоймалары, олардың жұмысын қамтамасыз ететін тұлғалар мен ұйымдары, санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейте отырып және келушілер арасындағы қашықтықты кемінде 1 метр сақтай отырып, әдеттегі режимде жеке орналасқан пошта байланысы объектілері және екінші деңгейдегі банктер, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жұмыс істей алады (жұмыс уақытын шектеу сағат 09-00-ден 14-00-ге дейін).

Сол сияқты автожанармай құю станциялары, жеке орналасқан техникалық қызмет көрсету станциялары, салттық қызмет көрсету нысандары өз қызметін атқара береді.

Осы орайда шектеу кезеңінде жұмыс істейтін аталған нысандар санитарлық және дезинфекциялық режим талаптарын қатаң сақтауы тиіс, соның ішінде кіреберісте қол жууға арналған санитайзерлер орнату, барлық қызметкерлерін бір реттік маска мен бір реттік қолғаппен қамтамасыз ету, үстелдердің, сөрелердің, орындықтардың, баспалдақтардың, тұтқалардың, есіктердің барлық беттерін және едендерді дезинфекциялық құралдармен қолдану нұсқаулығына сәйкес күніне кемінде 3 рет өңдеуге міндеттелген. Сол сияқты келушілердің бетпердесіз болуына жол бермеу, келушілердің әлеуметтік қашықтығын кемінде 2 метр сақтауды қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен бірге өнеркәсіп өндірісі нысандарының субъектілері және өмір сүруді қамтамасыз ететін нысандар әрбір рейстен кейін күнделікті дезинфекциялық өңдеу жүргізіп, қызметкерлерді бөлінген автокөлікпен жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. Әрбір ауысым алдында объектінінің өткізу пунктінде дене қызуын өлшеп, бақылау журналына тіркеуі қажет. Вирустық инфекцияға (жөтел, тұмаурату, дәм сезімінің жоғалуы, ентігу, жоғары температура, диарея) күдікті адамдар анықталған кезде 103 қызметін шақыруы тиіс.