БАЛАЛАР КҮНІ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0
746

Аудан орталығында «Қазыбай» жеке меншік құрылыс компаниясы өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған көп пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтап, оны пайдалануға беріп, жаңа баспаналардың иелері қоныстойын тойлады.

1 маусым «Халықаралық балаларды қорғау» күні аудан әкімі Б. Қарасаев кезекте тұрған және өз қаражатына сатып алған біраз аудан азаматтары мен мемлекеттік қызметкерлерге «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер кілттерін табыс етті.

Аудан әкімі Б. Қарасаев пәтер иелерін мерекелерімен құттықтап, оларға баспана кілтін тапсырып, сондай-ақ әр шаңыраққа амандық, іші толы қуаныш болсын! – деген ақ тілегін жеткізді. Аудан басшысы алда атқарылар істер мен жаңа нысандар салу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Ал, пәтер кілтін алушылар атынан аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Ж. Қанатбаева мен №2 аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Қ. Әбілқайырова сөз сөйлеп, аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, осындай жаңа баспана алып отырғаны үшін бақытты екендігін жеткізді.

Пәтер кілті қолдарына тиген қуаныш иелері үйлеріне ерекше көңіл-күймен кірді. Аудан әкімі және бірқатар мекеме басшылары жаңа үйлерге бас сұғып, құтты болсын айтты.

Автор: Б. ЧОЙБАСОВ