Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде жасаған мәлімдемесін медицина қызметкері ретінде толық қолдаймын. Мемлекет басшысы пандемияға байланысты елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланғалы бері індеттің кеңінен таралмауы үшін барлық жағдайды жасап, зор мүмкіндіктер туғызып отыр. Білім мекемелері, басқа да көптеген сала қызметкерлері қашықтықтан оқу жүйесіне көшіріліп, табысынан айырылған адамдарға 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалды. «Біз біргеміз» қоры арқылы тұрмысы төмен отбасыларға, ардагерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетілуде. Індетпен күрес жолында бастарын қатерге тігіп, еңбек етіп жүрген адамдарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне үстемақы беру жөнінде шешім шығарды. Бұл – міндетпен арпалысып жүрген жандарға материалдық әрі рухани демеу. Тіптен медицина қызметкерлеріне жасалынған мемлекеттің қамқорлығы десек те қателеспейміз. Осы орайда, Іле аудандық орталық ауруханасының біршама қызметкері үстемақы алғанын қуана айтқым келеді. Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің мәлімдемесінде еліміздің денсаулығына ерекше тоқталып, індетке қарсы тұрудың бірден-бір жолы – оқшауланып, қоғамдық орындарға бармау, жеке бастың және отбасының амандығы үшін үйде отырып, қашықтықтан жұмыс істеу екендігін баса айтқан. «Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу», — деп айтқан ол медицинаны барынша дамытудың маңыздылығына назар аударған. Алдағы уақытта денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына медицинаны барынша жетілдіретін нақты ұсыныстардың енгізілетіндігін атап өтті. Бұл – біз үшін өте үлкен қуаныш. Ал, өз кезегінде ауданның жалпы медицина қызметкерлері мамандықтарына адалдық танытып, жұмыстарын барынша жауапты атқаратындығына кепілдік бере аламын.

АЙДЫН ЕЛІКБАЕВ, Іле аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының магистрі, жоғары санатты дәрігер-хирург