Бүгін еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Халқына «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жолдады. Аталмыш мақалада Елбасы тәуелсіздік жылдарында атқарылған шаралар мен ішкі-сыртқы саясат туралы өз ойын білідірді. Әлем халқына тараған індет барлық мемлекетті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігуіне себепкер боп жатқанын, өзара экономикалық тұрғыда бәсекелес елдердің өзі бір-біріне қол ұшын беріп жатқанын атап өтіп, бірлігі бар елдің ғана тірлігі оңалатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, әртүрлі ынтымақтастық одақтардың осындай қысылтаяң шақта пайдасы тиіп жатқаны да мақалада сөз болды.
Н.Әбішұлы өз сөзінде еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда едәуір дамып, дамушы елдердің қатарында өзіндік орны бар мемлекет ретінде танылғанын баса айтты. Сондай-ақ, әр мемлекеттің басты ресурсы адам екенін, адам өмірін қорғау жолында «Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық» деп, мынадай ел басына күн туған шақта осы емханалар мен онда қызмет ететін дәрігерлер әрбір азамат үшін жан аямай еңбек етіп жатқанын, білікті де білімді мамандар өз ісін адалынан атқарып жатқанына ерекше тоқталды.
Елбасымыз өз сөзіне кемел ойлы бабалардың даналық сөзін тұздық ете отырып, Ұлттық қорда сақталған қаржы ел игілігіне жұмсалып жатқанын айтып: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.» — деген сөзінен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының дұрыстығын, қысылған шақта ел қамын ойлап, еліне қамқор бола алатын тұлға екендігін байқауға болады.
Елбасымыз білім саласы туралы да ой қозғап, бірнеше жылғы реформалар мен әлем халықтарының білім беру саласындағы үздік әдіс-тәсілдерді игеру арқылы, жаңа технологияларды меңгеру арқылы осынау қиын шақта қашықтықтан білім беру жүйесін енгізе алғанымызды баса айтты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік алғанға дейін де, ел тізгінін ұстаған шақта да, қазіргі таңда да елімен, өзінің сүйікті Қазақ жұртымен бірге екенін, халқы үшін қабырғасы қайысып, алаңдап отырғанын білдірді. Біз тек бірлікте болып, Б.Момышұлы айтқандай тәртіпке бағынсақ қана ел болып, ұлт болып, өз тізгінімізді жатқа ұстатпай, ешкімге де жәутеңдемей, елдігімізді сақтай аламыз.
Қашықтықтан оқыту демекші, мынадай заманда мектебіміз де көштен қалмай, оқушыларымызды мүмкіндігінше жүз пайыз қамтуға әрекет жасап, қашықтықтан оқыту жүйесіне қосылды. Алмағайып заманда қолда бар ресурстарды пайдаланып білім беріп жатқан ұстаздарымыз да, жағдайды түсініп, шәкірттерімізге үйде білім алуына мүмкіндік жасап отырған ата-аналарымыз да, ұстаз талабын түсініп, орындап жатқан оқушыларымыз да үлкен ерлік танытуда десем, артық айтқандық болмас. Мінеки, біз «Мектеп-Оқушы-Ата-ана» үштік одағы өз бірлігімізді сақтап, одан әрі нығайтудамыз.
Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласын оқи отырып, расында, біріккен ел ғана барлық қиындықты еңсеріп, қауіптің бетін сейілтіп, даудан да, тілсіз жаудан да аман өтіп, бәрін жеңе алатынына тағы да көз жеткіздік. Бірлігіміз бекем, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын! Біз елімізбен біргеміз. Біз шәкірттерімізбен біргеміз.

 

Төреходжаева Захида Тұрсынбекқызы,
Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі
№7 орта мектептің директоры.