Тыныштығын тілгілеп тұнық түннің,
Жазында мың тоғыз жүз қырық бірдің.
Қатал жау шекарадан аттағанда
Сұм соғыс ел басына құрықты ілдің.

Жеңген жау жеңілгенді таптап, жаншып,
Жас бала, әйелді де атқан, шаншып.
Семсерін белге іліп тәуекелдің,
Ерлерім атқа қонды аттандасып.

Қызғыштай елін қорып, жерін қорып,
Дұшпанға қарсы шаптым кегім толып.
Соғыстың өрті шарпып жердің жүзін,
Майданда жүрсе-дағы өлім торып.

Бауыржан батыр бабам Момышұлы,
Шыңдаған қан майданның толы сыны.
Ел шетін фашист келіп баспасын деп,
Қол бастап жауға шапты жаны сірі.

Қазақтың қанатты ұлы, солдаты еді,
Арасын жер мен көктің жалғап еді.
Әуеден оқ боратқан қас дұшпанға,
Қазақтың қыран ұлы Талғат ері.

Сұр шинел киген ақын Қасым бабам,
Фашистке «Азиат» ол бас ұрмаған.
Жауынан именбеген жаяу әскер
Жас қазақ Төлегендей асыл адам.

Партизан Қасым атам нар тұлғалы,
Дұшпанға наркескендей жалтылдады.
Әскер бастап соғыста жау тылында
Қайтпады, жаудан бұғып тартынбады.

Кешегі Тұмар ханша сарқындары,
Хиуаз заңғар көктен жарқылдады.
Қазақтың сұрмергені Әлия қыз,
Ал Мәншүк пулемет боп сартылдады.

Атының тері тамып терлігінен,
Ел үшін туған ердің ерлігімен.
Жеңіс Туы желбіреп Рейхстахта
Дұшпанды жеңе білгем елдігіммен.

Мен – қазақ, өр рухты, ер халықпын,
Жаһанға қыран көзбен зер салыппын.
Сақтардан аман сақтап маған жеткен,
Ерлік деп аталатын енші алыппын.

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ.