Президент пәрмені

 

Әдетте наурыз, сәуір айларында көктемгі дала жұмыстары қарқын алып,қызу жүргізілетіндігін бәріміз жақсы білеміз.. Дей тұрғанмен ауданның тұрғындарын  бүкіл  дүние  жүзі бойынша елді дүрбелеңге салған қатерлі індеттің таралу аумағының  көбейіп, әр түрлі мекеме, кәсіпорындардың жұмыстарын уақытша тоқтатқандығы алаңдатуда. Тіптен кейбіреулердің  дәл қазіргі жағдайда « Егін егілмей, астық өсірілмей қалуы мүмкін. Сонда ертеңгі күніміз не болады»,-деп  уайымдап жүргені де жасырын емес. Осыған орай біз Байсерке ауылдық округіндегі «Жазай» шаруа қожалығының жұмысымен танысып қайттық.  Қожалық басшысы Тотыбаева Рысхан Нұқанқызы егістік басында екен.

Демалуға уақыт жоқ,-деп бастады ол өзінің әңгімесін. -Ауа райының қолайлы кезін пайдаланып көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде   жүргізу қажет.Уақыттан ұтылсаң еңбегің еш кетеді. Әр дақылды егудің   өз уақыты бар. Шүкіршілік  қожалыққа тиеселі 100 гектарға жуық жердің  бәрін толық игеруге күш салып жатырмын. 30 гектарға арпа ектім. 10 гектар жерде жоңышқа өсіп жатыр. 40 гектар алқапқа жүгері, 10  гектарға көкөніс, 5 гектарға  бақша дақылдары өсіріледі.  Агротехникалық талаптардың барлығы қатаң орындалуда.

Бұдан басқа   қожалықта мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.  Онда жиырмадан астам жылқы, елуге жуық мүйізді ірі қара малы бар. Мұнда малға қарайтын, егістікпен айналысатын барлық адамға  қолайлы жағдай жасалған. Коронавирус  індетінің таралуына байланысты қожалықта жұмыс істейтін адамдардың  барлығы Байсерке ауылдық округіне қарасты № 10 бригадаға орналасқан  ферма маңындағы арнайы үйлерде тұрады. Олардың басқа елді мекендерге  барып-келуіне шектеу қойылған.  Рысхан Нұқанқызының өзі де күні-түні фермада.

-Біз ғой жер емген, содан нәсібін тауып жүрген адамдармыз.Сапалы өнім алу үшін кейбір қиындықтарға қарамастан  еңбек етіп жатырмыз. Ең бастысы мына жұқпалы дерттің бетін біржолата қайтарсақ екен. Еліме, жұртыма тек амандық  тілеймін,-деді бізбен  жылы қоштасқан Рысхан Нұқанқызы.

Дала егістігінде, фермасында жұмыс көрігін қыздырып жатқан «Жазай» шаруа қожылығының  ауданның ауылшаруашылығы саласын дамытуға тиісті үлес қосатындығына біз де сенімдіміз.

 

РОЗА   АЙДАРБЕКОВА