ҰМЫТЫЛМАЙДЫ ЕР ІСІ, БАБАНЫҢ АСҚАҚ ЖЕҢІСІ

Міне, биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толды. Бұл күн – тарихи маңызы бар ең қастерлі мереке. Өйткені ол бейбітшілік пен қайырымдылықтың, ерлік пен қайсарлықтың мәңгі жасампаздығы. Біз қашанда болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа төсеп, от кешкен майдангерлерімізбен мақтанамыз. Олардың ерлігін, батылдығын үлгі-өнеге тұтамыз. Өкінішке орай, жылдар алға жылжыған сайын соғыста ерлік көрсеткен аталарымыздың қатары сиреп келеді. Бүгінде жас өмірін майданға беріп, сұрапыл соғыстың бел ортасында болған ардагерлеріміздің өзіндей болмаса да көзіндей болған Көшерхан Әлімбайұлы Әлімбаевты боралдайлықтар мақтан тұтады. 1923 жылы 20 маусымда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген Көшерхан Әлімбайұлының қылшылдаған жігіт шағы қан майданда өтті. Оңтүстік байланыс бөліміне электр монтері қызметін атқарған ол 1942 жылы маусым айында әскерге алынып, тамыз айына дейін Оренбург қаласындағы 59 атқыштар полкында кіші сержант шенінде курсант болып, сол жылдың қараша айында 29 атқыштар дивизиясының 33 гвардиялық атқыштар полкіндегі 82 миномет бөлімшесінің командирі, кейіннен 1943 жылдың ақпан айына дейін осы полктың барлаушысы болып соғысады. 1943 жылдың сәуірінен тамыз айына дейін пулеметчик, миномет бөлімшесінің командирі болады. Ұрыстарда 4 рет жараланып, №1791 Москва, Владимир облысы Муром қаласындағы госпитальдарда емделеді. Денесінде әлі күнге дейін жау гранатасы мен снарядының 3 жағыршағы қалып қойған. 1945 жылдың қыркүйек айынан 3 ай бойы Порт-Артур қаласынан Ворошилов қаласына дейін (қазіргі кезде Уссурийск) Корея шығанағы арқылы әскери аттарды жеткізуге қатысады. Курск доғасындағы Прохонометровка селосының маңындағы танк шайқасына қатысты. Сухуничи, Курск, Смоленск, Брянск, Харьков, Великие Луки, Орел, Белгород, Псков,Тула, Ельня, Рига қалалары мен Шығыс майданда жапондар бекінген таулы аймақ Үлкен Хинганды және Манжурияны азат етуге қатысты. 1946 жылыдың ақпан айында елге оралғаннан кейін ол білек сыбана еңбекке араласып кетті. Ақтөбе облысында мал шаруашылығында бригадир болды. 1967 жылға дейін Совет органдарында, соңғы жылы Ақтөбе облысы Целинный совхозы партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Қай жерде еңбек етсе де, ол үлкен жауапкершіліктің, өз ісіне адалдықтың үлгісін көрсетті. Көшерхан Әлімбайұлы майдандағы ерлігі, бейбіт өмірдегі адал қызметі үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, «Белоруссияны азат еткені үшін», Ұлы Отан соғысының мерекелік және «Тыңға – 50 жыл», «Астананың – 10 жылдығы» медальдарымен марапатталды. Іле ауданының Құрметті азаматы, ардагер атамыз Көшерхан Әлімбайұлы бүгінде 2 ұл, 1 қыз өсіріп, тәрбиелеп, олардан 2 немере, 5 шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Ұлы Жеңіске өзіне лайықты үлес қосқан оның қайсар келбеті, ерлігі мен өрлігі жас ұрпаққа күш, қайрат және рух береді. Атамыздың майдан жолы, ерен еңбегі, өмірдегі өрлігі жас ұрпаққа әрқашан үлгі-өнеге болып қала бермек.

РОЗА АЙДАРБЕКОВА