Президент пәрмені

Сенесіздер ме, бүгін таңертеңгісін инстаграмды қарап отырып, еріксіз көзіме жас алдым. Неге дейсіздер ғой?  Орталық  аудандық ауруханада балалар медбикесі болып істейтін Баян Елікбаеваның  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Біз біргеміз»  акциясына қолдау білдіріп, бала-шағасымен,  тұрмысы төмен  отбасыларына  азық-түлік апарып беріп жүргені мені тебірентті. Қарасу  ықшам ауданында  аядай ғана үйде жолдасы Бекболат Әжібеков екеуі  бес баласын өсіріп, қарапайым ғана өмір сүріп жатқан бұл отбасының жағдайын жақсы білетінмін. Баян медбике болса, Бекболат Алматы жылу-электр станциясында жұмысшы. Екеуінің алған айлықтары шайлықтарынан артылмайтын.  1 ұл , төрт қызды өсіру,  оларды қатарларынан қалдырмай оқытып,  тәрбие беру,  киіндіру  ай сайын алатын жалақыларынан басқа табысы жоқ отбасына оңай шаруа емес. Олар қанша қиналса да ұлы Айбарды  үлкен қыздары Аяулым мен Арайдыжоғарғы оқу орнында оқытты.Екі қыздың бүгінде өз отбасылары бар. Олар да  өз мамандықтары бойынша адал еңбек етіп,  балаларын өсіруде. Бүгінде Баян мен Бекболаттың 4 жиені өсіп келеді. Қарапайым ғана өмір сүріп жатқан бұл отбасынан  адал еңбектің, ибалық пен имандылықтың үлгісін көруге болады. Баян қанша қиналса да еңсесін түсірген емес, қашан көрсең де  тұрмысына шүкіршілік білдіріп, риза кейіп танытатын. Жолдасы Бекболат пен ұлы Айбардың өз күштерімен  үй салып жатқандығын, ол үшін несие алғандығын, өзінің жұмысын айтып, мәз-мейрам болатын.Шындап келгенде өзінің де біреудің көмегіне зәру екендігі білініп тұрса да,оны сыртқа шығармай  әңгімесінің аяғын әзілге айналдырып жіберетін.Мен білетін осы қарапайым  отбасының бүгінгі ерлік ісі шынында да көңілімізді босатып, жанымызды қамықтырды. Дереу Баянға хабарласып, оны кездесуге шақырып, әңгімеге тарттым.

-Баян, сен  көп табыс тауып жүрген кәсіпкер емессің. Білуімше жалақыңды бір айдан бір айға әзер жеткізіп жүрсің. Сөйте тұра қайырымдылық жасауыңа не себеп болды.

— Ең бастысы пейіліміз тарылмасын.  Пейіл бар жерде береке де болады. Менен де нашар өмір сүріп жатқан отбасылар бар. Медбике ретінде мен үйлерді көп аралаймын .  Кімнің қалай тұратынын білемін . Мынандай сындарлы кезеңде бір-бірімізге көмек қолын созбасақ,  жәрдемге мұқтаж жандарды демемесек арымызға сын емес пе. Пандемия деп жарияланған аса қатерлі індетті жеңу мақсатында Ел Президентінің бастамасымен «Біз біргеміз»  акциясы аясында жұмыс істеп жатқан еріктілердің батылдығы мен ерлігі мені қатты ойлантты  .  Шүкіршілік, ауруханада  еңбек етіп жатырмын,  жолдасым да жұмысында. Алайда, не жұмысы жоқ, ешқандай табыс таппайтын тұрмысы бізден де төмен көп балалы отбасылар бар .  Оны өзім де көріп жүрмін.Оларды көргенде жаным жабырқап, көңілім босап кетеді. Мұндай жандарға  қалай көмектессе болады деген ой мазалай бастады. Өз ойымды отбасыма айтып едім, № 24 орта мектептің 10 сыныбында оқтын қызым Аружан  -Мама онда бәріміз ақша жинап, сен білетін көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік апарып берейік.Бізге әпкелерім мен ағайым қосылсын. Сынып жетекшіме, сыныптастарыма айтайын. Бәріміз жиналмаймыз ба,-деп менің сөзімді іліп әкетті. Бізге  балалар дәрігері Қаршыға Тұрсынқұлқызы Беристемова. Аружанның  сынып жетекшісі Айсұлу Нұрғожақызы Молдаханова, қыздарым  Аяулым мен Аружанның сыныптастары қосылды.  Жиналған ақшаға  әр отбасына 5 килограмнан макарон,  қант, 3 килограм күріш, 2 литр күнбағыс майы, 0,5 кг сары май,  0,5 кг печенье,  5 килограмнан карт оп, сәбіз, пияз алып, бес отбасына таратып  шықтық.Олардың барлығы Өтеген батыр кентінің тұрғындары.Біздің шамамыздың жеткені осы.  Бұл әрине бір тамшыдай ғана көмек. Бірақ, біз  барғанда   тұрмысы төмен отбасы мүшелерінің қалай қуанғанын көрсеңіз ғой. Қайта-қайта алғыс  айтып, ризашылықтарын  білдіріп  жатты. Білесіз бе,  бөтен біреулерді қуантудың өзі үлкен бақыт екен.

Маған қарама-қарсы отырған Баянның жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Ол Алматы карантинге жабылғанда жататын жері жоқ құрбысын өзінің үйіне тұрғызып мені бір танғалдырып еді. Енді бүгінгі қайырымды ісі шынында да ерлікке тән қасиет. Ол өз бала-шағасына азық-түлікті әзер жеткізіп отырғанын ойлап та тұрған жоқ. Қайырымдылық жасағанына мәз.  Осындай адамдар көп болса, кез-келген сыннан сүрінбей өтетініміз сөзсіз. Әжібековтар  отбасының бұл ісі кім-кімге болса да үлгі болса екен дегіміз келеді.

РОЗА АЙДАРБЕКОВА