2020 жылғы 28-ақпанда Қазақстан республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери – патриоттық орталығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ата-баба рухына – лайықты боламыз!» республикалық патриоттық акциясы бастау алған болатын.
Осыған орай, 97617 әскери бөлімінің «Комсомол» елді мекенінде орналасқан дивизиондар тобы басшылығы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлерін құттықтап шықты.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Ұлы отан соғысының ардагері — полковник Якубов Владимир Антонович. Небәрі 17 жасында Ресейдің Краснояр өлкесінің Сібір әскери округіне әскер қатарына алынған. Сол сұрапыл жылдарды ардагер былай деп есіне алады: «1942 жылы 17 жасымда әскер қатарына шақырылдым. Краснояр өлкесінде алғашқы әскери дайындық курстары біткеннен соң, біздерді Киев қаласын жаудан азат етуге жіберді. Жаяу доңғалақты 16 килограмды пулеметтерімізді сүйретіп Киев маңындағы Чернигово селосына жеттік. Днепр өзенін тазарту ұрыстарына қатыстық. Нәтижесінде 2-ұрыста көрсеткен ерлігім үшін «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен марапатталдым.Осы ұрыста екі рет басымнан жарақат алдым және қолым жараланды. Тула қаласындағы әскери госпитальде екі ай емделіпшыққаннан соң, қосымша полкте болдым. 1943 жылғы қаңтар айы мен қазан айларында әскери инженерлік училищесінің толық курсын бітіріп, «кіші лейтенант» әскери шенін алдым. Соғыста Румыния, Будапешт қалаларын азат ету ұрыстарына қатыстым, Будапештті азат еткеніміз үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдық.Жеңісті Австрия жерінде қарсы алдық. Қаншама боздақтар осы күнге жете алмай қыршынынан қиылды. Өз кезеңінде бөлімше командирінен дивизион командиріне дейін лауазымдарда әртүрлі қызметтер атқарған екен».
Міне, Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңісіне өз үлестерін қосып, соғыс және еңбек майдандарында аянбай еңбек етіп, біздерді болашақ ұрпақты осы бейбіт күнге жеткізген ардагер қазақстандық жауынгерлердің рухына мәңгілік тағзым етеміз!!! Олардың еңбек және соғыс майданындағы үлгілі істерін, Отан қорғаудағы жанқиярлық ерлігін еске ала отырып, оны бүгінгі Қазақ елі жастарына үлгі-өнеге етіп көрсету – біздің міндетіміз бен парызымыз. «Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе де ұмыт қалмайды!»

Роман Ахметов
97617 әскери бөлімі