ОНЛАЙН СЕМИНАР СӘТТІ ӨТТІ

0
564


Әлем халқына үлкен сынақ боп келген індет салдарынан елімізде Төтенше жағдай жарияланып, халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін сақтық шаралары атқарылып жатыр. Осы орайда, білім саласының қызметкерлері де елімізде бұрын тәжірибеде болмаған қадамға барып, шәкірттерге
қашықтықтан білім беруде. «Ұстаз – ұлы есім» дейді ел даналығында. Мұғалімдер – үнемі ізденіс үстінде болып, ізденісін тоқтатпаған, жаңашылдыққа жаны құмар жандар. Әлемде білім саласында да көптеген жаңалықтар орын алып жатыр. Біздің ұстаздарымыз да осындай жаңалықтан құр қалмай,
қашықтықтан білім беру үрдісін қалыптастырып, қашықтықтан оқыту бағдарламасын құрып, өзара тәжірибе алмасып, тынбай еңбек етуде. 29-30 сәуір күндері Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте «Білім алушыларды қашықтықтан оқытуға ынталандыру жолдары» тақырыбында онлайн семинар өткізілді. Пәндерді қашықтықтан оқытуда қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын беру, жедел кері байланыс ұйымдастырудағы тиімді платформаларымен бөлісу, тапсырмаларды түрлендіріп беру мен жедел кері байланыс жасау арқылы оқушыны ынталандырудағы googlclass бағдарламасының тиімділігі туралы тәжірибемен бөлісуді мақсат еткен онлайн семинарға мектебіміздің әкімшілік құрамы мен мұғалімдер қатысты. Семинарды мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Валибаева Аида Тоқтасыновна ашып, бағдарламамен таныстырып, «Қашықтықтан оқыту жағдайындағы сабақты жоспарлау» атты коучинг ұйымдастырып. мұғалімдерге қашықтықтан білім беру үрдісінде сабақты жоспарлаудың тиімді тәсілдерін көрсетті. Одан кейін сөз алған мектебіміздің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қаржаубаев Мейрамбек пәндерді қашықтықтан оқытуда қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын беру жайлы және жедел кері байланыс ұйымдастырудағы тиімді платформалар туралы ой қозғап, өзі қолданып жүрген платформалар жайлы тереңірек айтып өтті. Мәселен, «Білімленд», «Дарын-онлайн» платформаларының сабақты ұйымдастырудағы тиімділігін, оқушы білімін тексеру кезінде де ұтымды жақтары көп екендігін баса айтты. Ал, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сұлтанбекова Шынар болса «Онлайн-педагог нені білу керек?» деген сұрақ төңірегінде сөз қозғап, онлайн оқыту барысында қолдануға тиімді платформалар жайлы, онлайн білімді ұйымдастыру барысында өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Денешынықтыру пәнінің мұғалімі Диханбаев Серік «Силовые упражнения с гентелями» тақырыбында бейнесабақ өтіп, бұлшықетті дамыту үшін қандай дене жаттығуларын орындау керектігіне тоқталса, И. В. Нильмайер Googlclass платформасында оқушылардың білім алуын қалай дұрыс ұйымдастыру керектігі туралы ақпарат берді. Бастауыш пәнінің мұғалімдері Г.Исабаева мен Б. Калчаева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г. С. Бекбергенова және орыс тілі пәнінің мұғалімі Г.А. Аширбекова онлайн түрде ықшамсабақ өтіп, тәжірибе алмасты. Семинар соңында денешынықтыру пәні мұғалімдері жалпы дамыту жаттығуларын дұрыс жасау әдістерін көрсетіп, ұстаздарымыз бен шәкірттерімізді карантин кезінде де салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, «Тәні саудың – жаны сау» дегендей, рухымыз мықты, көңіліміз өр болуы үшін де тән саулығы маңызды екенін қадап айтты. Семинар барысында мұғалімдер әрбір сабаққа кері байланыс жасап, өз пікірлерін айтып отырды. Тәжірибелі ұстаздардың осындай семинар өткізуі жас мамандар үшін таптырмас асыл қазына болмақ. Себебі, өздері ұстаздық қызметін жаңадан бастап жатқан жас ұстаздарымыз осындай семинарларға қатысу арқылы қашықтықтан оқыту кезінде абдырап қалмай, білікті мамандардың тәжірибесіне сүйеніп, білім көшін қиналмай алға сүйреуіне мүмкіндік туады. Иә, ұстаз – ел білімінің айнасы. Ұстазы жақсының ғана ұстанымы жақсы болмақ. Сондықтан, өзімнің әріптестеріме осынау қиын-қыстау заманда ел болашағы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілек білдіргім келеді.

Алмат ЕРЖАНОВ, №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі