Мәлімдемеге үн қосу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты Төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартқаны туралы мәлімдеме жасады. Мәлімдемемен танысып, көтерілген мәселелер туралы да хабардар болдым. Мемлекет басшысы пандемиядан шығу үшін азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең басты міндет санайды. Мемлекет басшысының мәлімдемесі халқымызды осы індеттен аман -есен сақтау үшін жасалған үлкен қадам деп түсінемін. «Сабыр түбі – сары алтын», — деген қанатты сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Жақсылыққа, қуанышқа да сабырлылық көрсету – адамдықтың үлкен белгісі. Жақындарымыздың денсаулығы үшін сабыр сақтап, осындай алмағайып кезеңде асығыс істер жасамай, сабырлы болуымыз керек. Өзіміздің де, өзгенің де басын қатерге тік¬пей шыдамдылық танытып, Төтенше жағдай ережелерін сақтап, карантин талаптарын ұстанып тәртіпке бағынып, үйде болайық. Әлемді алаңдатып отырған ауыр ахуалға байланысты ауданымызда мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, халыққа жағдай жасалуда. Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді. Ел болып жұдырықтай жұмылып, көмек берсек кез келген қиындықты жеңеміз. Мұғалімдер сабақ өткізіп, шәкірттер «Біз үйдеміз» тақырыбында бейнероликтер жасап, президент мәлімдемесіне қолдау білдіріп жатыр. Кітапханашыларымыз да онлайн кітап оқу жүйесіне шақырып, киелі жерлерге виртуальды саяхат жасап, онлайн түрде кездесулер мен әдеби оқулар ұйымдастыруда. Тек қана білім саласы ғана емес, ауданымыздың мәдениет саласы да онлайн жұмыс режиіміне көшіп, қашықтықтан концерттік шаралар өткізуде. Мемлекетіміз барлықтарымызға қолдан келетін жағдайларды жасап, үйде отыруға мүмкіндік берді. Баршаңызды төтенше жағдай режімінің талаптарын сақтауды қолдай отырып, шыдамдылыққа шақырамын. Тәртіпке бағыну, оны сақтау – шарт. «Сабырлы жетер мұратқа» — дегендей, сабырлы болып, өзімізге өзіміз жау болмай, үйден шықпайық. Отбасымызды, халқымызды дертен сақтайық. Үмітіміз ақталып, абройымыз асқақтар күн жақын болсын! Біз сенеміз! Біз біргеміз!

М. ЖАБИЕВА, Іле аудандық аналар кеңесінің төрайымы