Негізі бас ауырып, балтыр сыздаса әрине жүгінетіміз ақ халатты абзал жандар. Оалр туралы қаншалықты толғақты ой тербетсең де артық етпейді. Медицина қызметкері деген кең ұғым, қастерлі мамандық қой. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да баршылық. Еңбекті адал бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз.
Дәрігердің жұмысы науқастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Ол халықтың денсаулығына жауапты маман. Осындай сырғалаң уақытта, коронавирус қазақша «тәжвирус» жайылып, елді дүрбелеңге салуда.
Әлбетте, қаншама адамның жанын сақтап қалған мейірімді жан барлық құрметке ие. Ол тіпті бас ауырып, бауыр сыздап келген мыңдаған адамдардың көңіліне демеу болып, бар жылы сөздерін аямайтын, жанына сүйеніш бола білетін де сол дәрігерлер қауымы емес пе?
Сондықтан осындай қысылтаяң уақытта үйіндегі бала-шағасы аш па тоқ па белгісіз бір құдайға аманаттап кеткен, күн демей, түн демей ауруханада жүрген дәрігерлерге де бірауыз жылы сөздеріңізді аямай айтсаңыздар, ақ халатты абзал жандарға демеу болары сөзсіз.
Медицина қызметкерлерінің мысқылдап кірген ауруды сылып тастау үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі білсе, бірі білмейді. Тұла бойымызды үрей басқан сәтте, қандай қиын іс күтіп тұрса да төтеп беруге дайын қайтпас қайсар дәрігерлер аман болсын!

Боралдай аудандық ауруханасының терапевт дәрігері : Асылбеков Данияр Макашұлы