Хакім Абай кезінде «Есектің артын жусаң да, мал тап», — деп адамдарды адал еңбек етуге, жалқау болмауға шақырған. Ұлы ақын нақты әрекет арқылы табыстарға, жетістіктерге жетуге болатындығын дәлелдеген. Осы ретте, ұлы ойшылдардың «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағидасына терең мән беретін болсақ, адал жұмыс істеу – басты құндылық, өмір сүрудің нақты кепілі екендігін байқаймыз. Яғни, қалай еңбек етесің, солай өмір сүресің. Еңбек етудің мән-мағанасы, пайдасы туралы айта бастасаң сөз таусылмайды, ой ортаймайды. Алайда, біздің бүгінгі айтпағымыз ол емес. Жұмыссыздық жайы мен адамдардың еңбекке деген ынта-жігерінің төмендігі немесе бар жұмысты істеуден бас тартуы. Олай дейтініміз, үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданда әлеуметтік-мәдени нысандарға, тұрғын
үй коммуналдық шаруашылық, инженерлік-инфроқұрылым құрылыстарына күрделі, орташа және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 89 жоба мақұлданып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Мұның өзі 3406 жаңа жұмысшы орнын ашуға мүмкіндік берсе, соның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар ішінен 1703 адам еңбекпен қамтылуы тиіс болатын. Әсіресе, аталмыш бағдарлама аясында үш орта мектептің құрылысын жүргізуге жұмыспен қамту орталығы арқылы 1200 адам құрылысқа тартылуы керек болса, мұның өзінде жұмыс істейтін адамдарды табудың өзі үлкен қиындықтар туғызуда. Мектептердің құрылыс жұмыстарын жүргізуде әрбір адамға кем дегенде 85 мың теңге көлемінде жалақы төленбек. Кем дегенде! Ал, атқарылған жұмысқа байланысты төленетін жалақының бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Алайда, қазіргі күні жұмыспен қамту орталығы әрең
дегенде 100-ге жуық адамды еңбекпен қамтыды. Орталыққа келген жұмыссыздардың көбі өздерінің 85 мың жалақы үшін жұмыс істегілері келмейтіндігін ашық айтуда. Мұның себебін біз аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Айбек Амангелдіұлы Рақымбаевтан сұрап көрдік. Айбек Амангелдіұлы Рақымбаев: – Оның өзіндік себептері бар. Іле аудандық статистика бөлімінің мәліметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін 4260 жұмыссыз тіркелген болатын. Алматы қаласындағы мекемелерде жұмыс істейтіндердің оңтүстік астанаға кіре алмағандығы аудандағы жұмыссыздар санын күр көбейтіп жіберді. Алайда, 16 наурызда елімізде Төтенше жайдай жарияланып, табысынан айырылған адамдарға 42500 теңге төленетін болған кезде көптеген адамдар сол ақшаны алу үшін жұмыссыздықтың тіркеуінен шығып кетті. Екінші мәселе, сол
жұмыссыздардың өзі 85 мың теңгені қанағат тұтпайды. Біз соған қарамастан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Парадокс. 42500 теңгені алу үшін почта мекемесінің алдын торауылдап, бір-біріне жол бермей, тіптен жаға жыртысуға дейін барғандар 85 мың теңгені менсінбей отыр. Түсініп көріңіз. «Қанағат – қарын тойғызар», — деген сөз бекер айтылмаған. Әр нәрсеге қанағат жасап, барға шүкіршілік айтып отырғаннан ешкім жаман болмайды. «Бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын» — дегендей, өткен ғасырдағы сексенінші жылдың аяғы мен тоқсаныншы жылдың бас кезіндегі дағдарысты көзіміз көрді, басымыздан өткердік. Ол кезде 42500 теңге сияқты жәрдемақы тұрмақ, еңбекақымызды, зейнетақымызды айлап, тіптен жылдап ала алмадық. Дүкен сөрелері қаңырап бос тұратын. Сонда да халықтың пейілі тарылып, ниеті бұзылмады. Ала дорбаны арқалап, базар
жағалап, нан тауып жеудің қамын жасады. Алдағы күндерде жақсылықтың болатындығына үміттерін үкілеп, сенімдеріне селкеу түсірмеді. Ал қазір ше? Тұрмысымыз барынша жақсарып, өркениеттің көшіне ілестік. Балаларымыз шет елде білім алып, әрбір отбасында бір-екі көліктің болуы дағдыға айналды. Керемет-керемет үй салып, дүниенің төрт бұрышына барып демалып жатырмыз. Киімді де таңдап киеміз. Сөйте тұрып, дүниежүзілік пандемияға байланысты туындаған аз ғана қиындыққа шыдай алмай, әлсіздік танытудамыз. Қанағат дегенді ұмыттық. Шүкір айтуды білмейміз. Жұмысқа ынталанудан жұрдай болып, 85 мың теңге төленетін жұмысты менсінбейміз. «Алма піс, аузыма түс», — деп өкіметке қарап алақан жаюдан әлі арыла алмай келеміз. Бәрін айт та, бірін айт, жұмыс көп, ынта жоқ. Мұндайда қайтпек керек?…

Роза Айдарбекова