Бүгінгі кейіпкеріміз батыстан соғыс оты лап еткенде небәрі 19 жасар қылшылдаған жап-жас бала бозбала еді. Ол 1942 жылы Кавказдың Ленинакан әскери базасында шекара күзетінде ел тыныштығын қалт етпей сақтайды. Соғыстан кейінде №14 Сталинград түбінде шекарашы болды. «Тау бұлағымен сәнді, ер еңбегімен мәнді» — дегендей, ардақты ардагеріміз Тәңірбеген Толғанбаев атамыз жеті жыл Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтегеннен кейін, 1951 жылы Республика Ішкі Істер Министрлігіне шақыртылып, қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданының Ішкі Істер Бөліміне қызметке орналасып, ауданның тыныштығын сақтау жолында қызметін адал атқарады. 1975 жылдарға Жетісудың біршама өлкесінде Ішкі Істер Бөлімінде қызмет етіп, қылмыспен күрес және оны болдырмау жолындағы үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, 1975-77 жылдар аралығында милиция полковнигі шенінде Іле ауданында көмекші прокурор, бас прокурор секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Иә, таудай тұлға, ел үшін туған азамат өзіне артылған міндетті орындауда еліміздің Ата Заңы аясында құқықтық қағидаларды негізге алып, әділеттің ақ туын әрқашан биікте ұстай білді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақтың қайсар ұлы Тәңірберген Толғанбаев атамыздан қан майданда өткен жастық шағы туралы сұраған едік, қанқұйлы фашизімді дәріптегісі келмейді ме, әлде ол күндерді еске алудың өзі ардагердің көңіліне ауыр тие ме, ол жағы біз үшін беймәлім, ақ жарыла сыр айта қоймады. Біз суыртпақтап сұрағаннан кейін ғана, 98 жастағы абыз ардагер алапат соғыста өткен жастық шағы туралы там-тұмдап қана еске алды. «Шекарада тұрғанда Арарат өзенінің арғы жағында самсаған түріктердің армиясы тұратын, — деп бастады ардагер. – Оң бүйірден немістер қысса, сол бүйірден түріктер анда-санда бізге қарата оқ ататын». Қарт ардагер түріктердің шекарашыларды әбіргерге салып, арнайы арандату мақсатында оқтын-оқтын оқ атып, шекарада түрған жігіттерді састырып, келеке етсе де, жаынгерлер олардың арандату істеріне неге қарсы жауап қатпағаны туралы: «Өзеннің арғы бетінен: «Ей! Орыстардың шошқасы!» — деген дауыстар жиі естілетін. Бізге оларға жауап қату үшін оқ атуға тиым салынған. Себебі, екінші жақтан соғыс басталып кету қаупі туып тұрған еді. Сондықтан іштен тынып, міз бақпай қарап тұрамыз», — деді. Костюмінің оң жақ кеудесінде II дәрежелі «Отан соғысы», «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны тізе бүктіргені үшін» ордендері мен «Маршал Жуковтың» медалдары өткен ерліктің ізіндей жылтырайды. Оған қоса, «КСРО Ішкі істер министрлігінде» сіңірген қызметі үшін, «Өте жақсы полиция» белгісімен, Ұлы Отан соғысының әр жылдардағы мерекелік медалдары мен «Кеңес полициясына 50 жыл» мерекелік төсбелгілері ерен еңбектің дәлелі ретінде сылдыр қағады. Аудандық прокуратура бөлімі ардагерді жылда жеңіс күні мерекесімен құттықтап, прокуратура саласына енді келген жас мамандар жұмыстарын Тәңірберген Толғанбаев атамыздың алдынан өтіп, ардагердің ерен еңбегімен танысып, ақ батасын алумен бастайды. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, аға буынның жолын басқан жас мамандар нақ солардай абыройлы болуға барынша күш жұмсауы керек. Тәуелсіз елге ер болатын адал жастар аса қажет. Осы ретте прокуратура қатарын толықтырып жатқан жас мамандарды ардагерлер өнегесінен тәлім-тәрбие алғызу мақсатында жан-жақты таныстырып отыру дәстүрге айналған. Өмір өз арнасымен тоқтаусыз ағып жатқан өзен іспеттес. Аудандық прокуратураның қадағалау, тексеру жұмыстары да жаңарып, жақсарып, тіптен күрделене түскен жайы бар. Бірақ, аға буын ардагерлердің сара жолы ұмытылмайды. Болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа төсеген Тәңірберген Толғанбаевтың өмір жолы, құқық қорғау саласындағы ізгілікті ізі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.

Бағдат ЧОЙБАСОВ