3 маусым 11 жыл бойы мектеп партасында білім алған ауданымыздың шәкірттері үшін ең маңызды күнге айналды. Барлық округтерде карантин
тәртібін сақтай отырып, орта мектептер мен гимназияларда мектеп бітіруші түлектерге салтанатты түрде аттестат табысталды. Солардың қатарында Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепті ерекше атап өтуге болады. Мектеп басшысы З. Төреходжаева салтанатты шараны ашып, шәкірттерге үлкен өмір жолында сәттілік тілеп, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтулеріне тілектестік білдірді. Зохида
Тұрсынбекқызы өз сөзінде: «Биылғы оқу жылын төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту арқылы аяқтадық. Биыл мектебімізде 1980 оқушы білім алса, 45 түлек 11-сыныпты тәмәмдап, мектеп қабырғасын артқа тастап, үлкен өмірге қанат қағып отыр. Мектебіміз бойынша үздік оқып, білім алған 2 түлек «Алтын белгіге» және 3 түлек «Ерекше үлгідегі аттестатқа» ие болды», — деп мектептің тыныс-тіршілігінен хабар берді.
Жас түлек, «Алтын белгі» иегері Ақнұр Құрманғалиева өз кезегінде: «Менің ендігі беталысым – С. Асфендияров атындағы Қазақ
Ұлттық Медицина университетінде білім алып, еліміздегі білікті ақ халатты абзал жандардың қатарын толықтыру. Енді, міне, арманым қолжетім жерде тұр. Осы уақытқа дейін маған білім мен тәрбие беріп, қолдау көрсеткен ұстаздарыма, ата-анама, достарыма алғысым шексіз», — деп ағынан жарылды. Шара барысында түлектердің ата-аналары барша ұстаздар қауымына алғысын жаудырып, гүл шоқтарын ұсынды.

Б. ЧОЙБАСОВ