Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халық бірлігі – қасиетті сөз. Бірлік – ұрпағымыздың сабақтастығы мен біздің қауымдастығымыздың белгісі. Сондықтан да ынтымақтастық пен достықты, бейбітшілік пен тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді паш ететін бұл мерекенің маңызы айрықша. Бұл – Қазақ даласын мекен еткен 130-дан аса ұлттар мен ұлыстардың арасында жылдар бойы сақталып, тамырын тереңге жайған достығымыздың, бауырластығымыздың айқын көрінісі. Өйткені, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – еліміздің ең маңызды байлығы. Ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтау мен бағалау жолында ауданымыздағы 34 ұлт өкілдері жұмылған жұдырықтай бірлесіп, аянбай еңбек етуде. Ауданымыздағы мәдениеті мен салтын сақтап, кейінгі буын жастарына насихаттап жүрген 4 мәдени орталық тілі бөлек болса да тілегі бір ұлт өкілдерін бірлік шаңырағына ұйыстырып отырғандығы бізді қуантады. «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік»,- дегендей бірлік пен ұлтаралық келісім бар жерде несібеміз бен құт-берекеміз ортақ болады емес пе? Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі, ауданымыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, ынтымақ, бірлік жасай берсін! Құрметті жерлестер! Қатерлі індет кеңінен таралып жатқан мына сынақты кезеңде баршаңызды бірлік мерекесімен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңыздың амандығын тілеймін. Шаңырақтарыңызға құт-береке мен ырыс-ынтымақ жылылық әкелсін. Еліміз аман, келешегіміз кемел болсын! «Бірлік-баға жетпес басты байлығымыз» — деп Елбасымыз Н. Назарбаев айтқандай, байлығымызды бағалап, бірлігіміз ажырамасын. Бірлігіміз бекем болса, біз алмайтын қамал жоқ!!!

Бағдат ҚАРАСАЕВ, Іле ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы