Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің биыл 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби. «Ол дәулетті отбасында өмірге келген. Бұл жайында «әл-Фараби музейі» атты деректі фильмде «әл-Фараби ғылыми-зерттеу» орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы былай дейді: «Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтті. Ғұлама ғалым түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы». Ал, филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі де оның түркі тайпасынан шығуын растайды. «Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым. Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Турки дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған. Ғалым ибн Халиканда ат-Турки дегенді қосады. Ол әл-Фарабидің түркі екенін жазады», — дейді ол сұхбаттарының бірінде. Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен, әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнаған. Ұлы ойшыл 70-ке жуық тіл білген. әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. әл-Фарабидің шығармашылығында 150ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазған. Ол философия, логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия ғылымдарымен айналысқан. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Оның атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды. Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сондай-ақ, ғұлама ойшыл медицина ғылымдарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл Шығыс, араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі де бірегейі – ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби. әл-Фараби бабамыздың аты 1000 жылдан асса да өшкен жоқ. Себебі, оның артында қалдырған білімі, үлкен ғылыми мұрасы бар. Бұдан түйетін ой, адамның байлығы да, бақыты да, атақ-даңқы да ол — білім. Білім – таусылмайтын байлық екені тағы да дәлелденгендей. Ұлы ұстаздың алған білімдерінің бір парасын болса да қазіргі ұрпаққа таныстыра білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Биылғы ұлы ойшылдың мерейтойы қарсаңында ауданымыздағы мектептер мен кітапханаларда әл-Фараби мұралары жайлы дәрістер оқылып, конференциялар өткізілсе, қазіргі төтенше жағдайға байланысты мұндай шаралар онлайн режимде жүзеге асуда. Бабамыздың мол мұрасы біртіндеп игеріліп келеді, ұлы ғалымның рухани мұрасы қазіргі қауымға, елге, ұрпаққа жетіп рухани игілікке айналуда. Қолда бар мұраларын аударып, зерттеу қазіргі күннің кәдесіне жарата білу – біздің қасиетті парызымыз деп білеміз.

Н. САБАҚАНОВА