Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны да, орайы да бөлек. Сол сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғаған ардагерлеріміз бүгінде санаулы ғана. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі. Міне, содан бері талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарды. Әйтсе де, сол бір сұм соғыс салған өшпес із әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатады, жанымызды жабырқатады… Қасірет пен қайғысы ел қабырғасын қайыстырып, еңсесін езгілеген бұл соғыс жайлы айтып та, жазып та тауыса алмаспыз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашанда өшпейді. Халқымызға төнген ең ауыр күндер Ұлы Отан соғысы жылдары еді. Сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Бүгінде өткен күндер мен отты жылдардың қасіреті тарих қойнауына еніп, кейінгі ұрпаққа естелік ретінде айтылып келеді. Алайда сол кезеңнің зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Әрқашан жадымызда жаңғырып тұратын бұл соғыс талай жанның өмірін қыршынынан қиып, әйелді жесір, баланы жетім етті. Қаншама үйді тірегінен айырды. Сол жылдарда елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, жастық шағын құрбан еткен қаншама азаматтарымыз майданға аттанды. Олардың бірі ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапса, біріне жеңіс туын желбіретіп азаттықтың ақ таңын қарсы алу бұйырды. Жеңіс мерекесіне орай сол сұрапыл соғысты көзімен көрген ардагер Тұрапов Айнақұл Тұрапұлы жайында сөз қозғамақпыз. Ол 1913 жылы Жоламан өңіріндегі кішкентай Қопалы деген ауылда дүниеге келген. Ертеректе отбасы жағдайына байланысты Көксу ауданындағы Ленин атындағы колхозға көшіп келген соң ұжымшарда бригадир болып, содан соң біраз жыл аудандық тұтынушылар одағында қызмет жасайды.
1938 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, 1939 жылы орыс-фин соғысына қатысты. 76 артиллерия полкінде жүріп, Халкин-Гол өзені бойында ұрыстарға қатысты. Ұлы Отан соғысы басталғанда соғыстың соңғы күндеріне дейін Польша, Чехословакия және Европаның біраз жерлеріндегі шайқастарға қатысып, 1945 жылы қараша айында елге оралды. Ауылдастары жеңіспен оралған жауынгерлерді құшақ жая қарсы алды. 1953 жылы туған жері Жоламан ауылына қайта оралып, біраз жыл теміржолда, содан соң сауда саласында, ауылдық кеңесте салық жинау агенті болып жұмыстар жасайды. Өзіне жүктелген жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқара жүріп, зейнеткерлікке шығады. Зайыбы Майкүл екеуі 4 бала тәрбиелеп 14 немере сүйді, шөберелері де баршылық. Айнақұл атамыздың Бақытгүл деген қызы: «Марқұм әке-шешелеріміз көп естеліктер айтып отырушы еді. Бұл күнде өзіміз де зейнеткер болдық. Бейбітшілік заманында туған бізді де, біздің балаларымыз да бақытты. Бала күнімізде соғыс туралы кітаптан оқып, кинодан көруші едік. Алдағы уақытта да лайым солай болса екен. Біздің ардагерлеріміз көрген тажал соғысты, біздің ұрпақ көрмесе екен»,- дейді. Иә, бүгінгі ұрпақтың тілеуі осы. Қай кезде де мемлекетіміз ардагерлердің мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырған емес. Біздің ауданымызда да ардагерлердің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында көптеген істер атқарылуда.
«Отан үшін күрес, елге тиген үлес» дейді дана халқымыз. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. Енді соғыс болмасын деген тілек бізде.

Әлмұханбет НҰРАБАЕВ
(ардегер туралы мәлімет қызы Бақытгүлдің аузынан жазып алынды)