Бүкіл әлемді сергелдеңге түсіріп, адамдардың бойына үрей мен қорқыныш ұялатқан COVID-19 вирусы бүгінгі таңдағы басты мәселе болып отыр. Қатерлі дерт Қазақстанды да айналып өтпеді. Осыған байланысты 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев те
леарна арқылы Үндеу жариялап, халықты сабырға, ұйымшылдық пен бірлікке шақырды. Республика аумағында 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды. Артынша-ақ, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бір айға жабылды. Екі үлкен мегаполиске адамдардың, көліктердің кіріп-шығуына қатаң шектеу қойылды. Алматы облысында, оның ішінде, ауданда да сақтық шаралары қатаң қолға алынды. Аудан бойынша 6 сантитарлық бекет құрылып, онда бір ауысымда 100-ге жуық адамдар уақытпен санаспай кезекшілік міндеттерін атқаруда. Бекеттерде қаладан келген көліктер дезинфекцияланып, адамдардың дене қызуы өлшенуде. Көзге көрінбесе де, үрейіңді ұшыратын осы індетке қарсы ауданда қоғамдық штаб құрылып, белгіленген жоспар бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Адамдар көп жүретін жерлер, автобекеттер, саябақтар дезинфекцияланып, санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан және жергілікті округ әкімдігінде тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Жұқпалы дерттен сақтану шараларына, жеке бастың гигиенасына байланысты түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, тұрғындарға бұл жөніндегі ақпарат таратылуда. Мұқтаж жандарға көмектесу мақсатында «Жәрдем» қоры құрылды. Іле аудандық орталық ауруханасында профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Дәрігерлердің күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Коронавирус жұқтырды деген күдіктілерді оқшаулау үшін «Прогресс» политехникалық
колледжінің жеке тұрған ғимаратында 100 төсектік, аурухананың жарақат бөлімінде 40 төсектік орын дайындалды. Осы індетпен ауырғандармен қарым-қатынаста болған адамдарды карантинге жатқызу үшін «Бану» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке тұрған ғимаратында 310, Қараой ауылындағы әскери бөлімшенің казармасында 317 төсектік орындар әзірленді. Ауруханада вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті. Профилактикалық шараларды, сырқаттарды ауруханаға жатқызуды, жедел жәрдемді шақырудың тәртібін түсіндіру жөніндегі CALL орталығы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Сақтық шараларының барлығы аудан әкімінің қатаң бақылауында. Сонымен, атың өшкір бұл вирус қайдан пайда болды, салдары мен зардабы қалай? Оны қайтіп жеңеміз? Осы сұрақтар жас-кәріні де мазалап, көптің ұйқысын қашырды. Ғаламторды ақтарып, ондағы жазылғандарға сүйенсек, ғалымдар «Коронавирус біздің заманымызға дейін 10 000 жыл бұрын, тіпті, одан да ерте пайда болуы мүмкін» деп жорамалдап, осы вирусты 4 топқа жіктейді. Бұлардың жер бетінде ең кең тараған кезі – шамамен б.з.д. 3300 жылдан б.з.д. 2400 жылға дейінгі аралықты қамтиды екен. Барлық коронавирустың эволюциясы мен таралуы жылы қанды құстардың, жарқанаттардың, бактериялардың денесінде жүріп отырған. 1890 жылы OC43 деп аталатын ірі қара малдың коронавирусы анықталды. Ал 1950 жылдары анықталған адамзаттың NL63 коронавирусы және жарқанаттың MRCA коронавирусынан 563–822 жыл бұрын бөлінген. 2003 жылы жаппай таралған SARS коронавирусы 1986 жылы жарқанаттың коронавирусынан бөлініп шыққан. SARS вирусының эволюциялық жолы жарқанатпен тікелей байланыста болған. Ол жарқанаттың Hipposideridae тұқымдасынан басталып, бірнеше тұқымдасына, одан жыртқыш сүтқоректілерге таралу арқылы адамдарға таралған. Коронавирустардың көпшілігі басқа вирустар сияқты түшкіру, жөтелу, жұқтырған адамдармен байланыста болу немесе олар тұтынған күнделікті заттарға қол тигізу арқылы тарайды. Қазір таралып жатқан 2019-nCoV вирусы MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы, 2012 жылы Сауд
Арабиядан таралған) және SARS (Ауыр жедел респираторлық синдром, 2003 жылы Қытайдан бастап таралған) сияқты жақын түрлеріне (классификация бойынша барлығы Betacoronavirus туысына жатады) қарағанда өте төзімді штамм болып отыр. Қазіргі коронавирус 2019 жылдың аяғында Қытайдың Ухань қаласы, Хубэй провинциясында пайда болды. Мұны алғаш жұқтырғандар теңіз өнімдерін сататын базарда жұмыс істегендер екен. Қытайдың медицина мамандары коронавирус алдымен жануарлардан адамға, кейіннен адамнан адамға жұққандығын мойындады. Уханнан басталған бұл қатерлі дерт қазір әлемнің 70-80 пайызына тарап отыр.Жан-жақты емдеу жұмыстарын жүйелі жүргізу, сақтық шараларын мейлінше қатаңдатудың нәтижесінде Қытайда бұл дерт ауыздықталды. Дей тұрғанмен қатерлі індеттің таралу аумағының күн өткен сайын кеңейіп отырғандығы жасырын емес. Қазақстанда да бұл дертті жұқтырғандардың саны 100-ден асты. Қатерлі дерттің таралу аумағын шектеу үшін елімізде сақтық шаралары қатаң әрі жүйелі түрде жүргізілсе де адамдардың көпшілігінің бейқамдық танытқаны дұрыс емес. Алматы қаласына баратын қақпаның тарс жабылғанына қарамастан кейбіреулердің оңтүстік астанаға бару үшін бекеттерді торауылдап жүргені байқалуда. «Үйден шықпа» деп қатаң ескертілсе де, балаларын ертіп қаншама адам көше кезіп жүр. Мұндай төтенше жағдайда әркімнің тәртіпке бағынып, жеке жауапкершілік танытқаны жөн. Әр адам алдымен өзін қорғасын, содан соң басқалардың жағдайын ойласын. Адамдардың үйде отырып жұмыс істеуіне, балалардың қашықтықтан оқуына үкімет барлық жағдайды жасап отыр. Солай бола тұрса да, бәзбіреулер сақтық шараларын қатаң орындаудың орнында әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратты жан-жаққа таратып, өзін де басқаларды да дүрбелеңге салуда. Мұндай жағдайда бізге дүрбелең, алып-қашпа сөз көмектеспейді. Тек сабырлық пен қатаң сақтық шараларын қолға алу керек. Қайталап айтайық, бәрі өзімізге байланысты! Ата-бабамыз бұдан да қиын жағдайды басынан өткерген. Ең бастысы, бәріміз сабырлы, байыпты болайық. Ішкі рухымыз, күш-жігеріміз мықты болса, жеңбейтін дерт, алынбайтын қамал жоқ. Сары уайымға салынбай, тек қана жақсы күндерге сенейік!

 

Р. АЙДАРБЕКОВА