Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы əлемге жайылған ғұлама философы, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, батыс пен шығысты білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби қазақ жерінде, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Биыл ұлы ғұламаның 1150 жылдық мерейтойын əлем болып тойлау жоспарлануда. Осы мақсатта барлық елде қызу дайындық жүргізілуде. əл-Фараби бүкіл саналы ғұмырын Бағдад қаласында өткізді. Ғұлама ғалым əл-Фараби атсалыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Ол философия, логика, математика, астрономия, медицина, музыка, тіл білімі, əдебиет теориясы тағы басқа ғылым салалары бойынша қыруар көп ғылыми еңбектер жазды. Алайда, оның көптеген шығармалары ел арасында қолжазба күйінде тарап, бірте-бірте жоғалып қала берген. Фараби еңбектерінің кейбір тізімдері ғана сақталған. Соның өзінде ұлы ғалым еңбектерінің саны жөнінде нақты деректер жоқ. Мəселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдр 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш – 160, ал тəжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені 40-қа жуық шығарма деуге болады. Осы 40 шақты еңбегінің өзі-ақ əл-Фарабидің энциклопедист ғалым екендігін дəлелдейді. Əл-Фараби – бүкіл түркі дүниесінің ғұламасы. Əл-Фарабиді қазақ елімен қауыштыруға көп еңбек сіңірген Ақжан Машани. Ақжан Машани — əл-Фарабидің зиратына елімізден тұңғыш барған адам. Ағын Қасымжанов шет елдерде əл-Фарабидің рухани мұрасы жөнінде баяндамалар жасап, кітап шығарған. Ол кісінің жетекшілігімен «Философия жəне құқық» институты жанынан 1975 жылы əл-Фараби мұрасын зерттеу орталығы құрылды. Сол жылы А.Қасымжановтың Б. Ғафуровпен бірлесіп жазған «Əл-Фараби мəдениет тарихында» атты монографиясы Мəскеуде жарық көрді. Бұл еңбек қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Жалпы əл-Фарабидің қазақ жұртына оралуы, танылуы 1970 жылдан басталады. 1993 жылы А. Қасымжановтың ұйытқы болуымен С. М. Киров атындағы университетке əл-Фараби есімі берілді жəне сонда əл-Фараби туралы орталық ашылды. əл-Фарабидің қазақ мəдинетіне тигізген үлесі орасан зор. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан
Халқына Жолдауында: «Біз өзіміздің ұлттық мəдениетіміз бен дəстүрімізді осы əралуандығымен жəне ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мəдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» -делінген. Бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге, яғни қазақтарға керек. Осы айтылған ойдың мəн-мағынасын түсінсек, ұлы ғұламаның бай мұрасындағы ғибратты сөздермен ұштасып жатқандай. Қазақ ойшылдық тарихындағы дара тұлғаның философия, таным теориясы, музыка, логика, жан, саясат пен этика туралы пəлсапалық ойлары ұрпақтан-ұрпаққа мұра болар қазынасы екеніні сөзсіз. Сондықтан да əлемнің алып бəйтерегі болған ұлы бабаларымызды танып-білу, оны болашаққа таныту – баршамыздың міндетіміз. Болашақ барда Əбу Насыр əл-Фараби бабамыздың аты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Н. МОМБЕК