Құрметті Бағадаева Олимпиада Нұрсағатқызы! Сіздің біздің балапандарымызға, әр үйдің бір-бір ерке тәттілерінің санасына сіңірген тәлім-тәрбие, үлгі-өнегеңіз өлшеусіз.
Бүгінгі біздің балалар үшін төккен теріңіз, еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі деп сенемін. Ерен еңбегіңіздің тағы да бір дәлелі осындай қиын кезде, қашықтықта оқытып, әрбір оқушыға салып жатқан жаныңыз бен күш-жігеріңізге қарап, қызымның алғашқы ұлағатты Ұстазы сіз секелді жан болғанына мен көп рахмет айтамын. Қашықтықта болса да оқушыларды білім нәрімен сусындатып жатсаңыз да, біздің балалар үшін сағат сайын, минут сайын жүрегіңіздің алаңдаулы екенін біз білеміз.
Анасынан кейінгі екінші анасындай болғаныңыз үшін, өз перзенттеріңіздей қарағаныңыз үшін, бойымдағы қуаныштан туындап отырған сезімді жеткізе алмаспын. Біздің көзіміздің ағы мен қарасындай перзенттеріміздің жақын адамына айнала білдіңіз. Біз сізге сенім арттық, оған бір сәт те сызат келтірген емессіз.
Сіз әр кезде де біздің сүйікті ұл — қыздарымыздың болашағына бізбен қатар алаңдайсыз, сол болашақтың басты қаруы болып табылатын білім атты асыл күшті олардың бойына бүлдіршін кезінен бастап сіңіре білдіңіз. Менің қызыма-Кәусарыма әріп танытып, сауатын ашып, қанатын қатайтқан құрметті Ұстаз! Сіздің алдыңызда абыройыңыз бен еңбегіңізді шын сезініп, иіліп рақмет айтамын. Өйткені, сіз төккен тер осыған лайық!
Білімнің нәрі болған киелі орда «№12 орта мектебіне» де шын жүректен риясыз алғысымды білдіремін. Баланың өмірге бейімделуінде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Құзіретті тұлға қалыптастыруда оқыту мен тәрбиелеуде жарасымдылық, ал мектеп пен ата-ананың әлеуметтік ортамен бірлесіп жұмыс істеген жағдайда үйлесімділік табады.
«Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десең, балаға жастайынан түзу тәрбие бер»,- деп, ата-бабамыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытында көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік.

Р. Құдайбергенова
№ 12 орта мектептің ата-анасы.