Мәлімдемеге үн қосу

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың халыққа арнаған Мәлімдемесімен санитарлық дәрігер ретінде толық танысып шықтым. Шын мәнінде қатерлі індет елімізде алғаш рет тіркелген күннен бастап адамдардың денсаулығын сақтау, коронавирустың таралу аумағын барынша азайту мақсатында маңызды шаралар қабылданып, жүзеге асырылды. Табысынан айырылғандарға, күн көрісі төмен жандарға қажетті көмек көрсетіліп, тиісті жәрдемақы, індетпен күресудің алғы шебінде жүргендерге үстемақы төленді. Адамдардың өзін-өзі оқшаулауы үшін барлық жағдай туғызылды. Төтенше жағдай мерзімі 16 наурыздан бастап 11 мамырға дейін созылды. Алайда, Мемлекет басшысы 11 мамырда жасаған Мәлімдемесінде: «Заң бойынша төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, карантин талаптары сақталады», — деп атап өтті. Иә, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрғындардың амандығы үшін карантин талаптары одан әрі қарай сақтала бермек. Біздің ауданымызда төтенше жағдай мерзімі аяқталған күннен бастап, сауда орталықтары, киім-кешек, тұрмыстық, құрылыс заттары сатылатын дүкендер мен базарлар жұмыс істей бастады. Бірақ, олардың барлығында санитарлық талаптар қатаң орындалатын болады. Президентіміз өз сөзінде: «Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы тиіс», — деп, талапты қатаң сақтаған адам ғана індеттен сақтанатынын атап өтті. Айтса айтқандай, біздің әрқайсымыз ең алдымен өзімізге берік болуымыз керек. Карантин талаптары жеңілдеді деп еркінсімей, әлі де болса жеке бастың гигиенасына айрықша көңіл бөліп, сақтық шараларын қатаң орындауымыз керек. Әркімнің өз денсаулығы өзіне керек. Сондықтан, індетке тап болып, кесел жұқтырмай, деніміз сау болсын десек, күтіну мен талапты қатаң сақтау өзімізге байланысты.

Б.ӘБЕУОВА, Іле ауданы
бойынша тауар мен
қызмет
сапасын бақылау
басқармасы басшысының орынбасары