Бұл жеңіске жеткізген кімнің күші? Қызыл ер қыздар менен ұлдың күші. Миллион білек, бір тілек, ыстық жүрек, Ұйымшыл еңбекші ел, тылдың күші… — деп жырлаған халық ақыны, əнші, сазгер Кенен Əзербаев айтқандай-ақ, майданда өлім мен өмірдің ортасында от кешіп əке, аға, іні, бауырларымыз жүрсе, тылда «Бəрі жеңіс үшін!» деген ұранмен еңкейген кəріден, жасөспірім балаға дейін тыным таппай еңбек етіп, тұрмыс тауқыметінің ауыртпалығын көргені еш ұмытылмақ емес. Сол ауызбірлік, татулық, достықтың арқасында жеңіске жетіп, оны тойлап жатқанымызға да міне 75 жыл толыпты. Аллаға шүкір! Енді соғыс болмасын! Ұлы Отан соғысы жылдарында мен бастауыш сынып (1-4 кл) оқушысы едім. Колхозда тұрамыз. Көшеде биік бағанаға байланған шляпа сияқты радионың түбінде көп адамдар, ішінде мені көтеріп алған əкем Кенен де бар, жиналып И. В. Сталиннің сөзін мұқият тыңдап тұрғандары бүгінгідей есімде. Бəрінің де көңілдерін мұң басқан, көздерінде жас, бірін-бірі құшақтап күңіреніп кетті. Сонда əкем домбырасын қағып-қағып жіберіп: «Қатты қып домбырамды бұрап алып, Отырмын жеңіс үшін əн шығарып. Елімнің шетіне кеп жау тигенде, Қорғаңдар Отан шегін бəрің барып. Біздің Отан жеңеді, Жеңіске елім сенеді. Қызыл ер жауынгер, Соққыны береді. Аталар, аналар, Жеңгелер,ағалар, Жылама! Жауды жеңіп жарқылдап Балаларың келеді, — дей келе, — əр кезде шындық жеңеді. Біз жеңеміз, оған еш күмəн болмасын, болашаққа сену керек» — деген сияқты сөздерімен елді жұбатты. Барлығы келіп əкемді құшақтап: «Айтқаның келсін Кенеке! Ылайым солай болғай!» — деп, күліп жүріп жылағандары, жылап жүріп күлгендері көз алдымнан кетпейді. Ертесінде-ақ арба-арба, машина-машина қылып, ауыл азаматтарын майданға алып кетіп жатты. Сондағы бір көрініс менің есімде мəңгі сақталып қалды. Жаңа қосылған жас жұбай, жетім өскен екі жас, келіншек пен азаматы əн айтып қоштасты. Келіншегі: Сен келгенше тұрамын орыныңда, Жұмысыңды келтіріп толымына. Суретіңді кеудеме тығып алып, Сағынғанда қарармын форымыңа. Сүйгенім –ай! Отан үшін аттанған, күйгенім-ай! – дегенде, азаматы келіншегін құшақтап тұрып былай деді: Жоқтатпаған əкемді байтақ далам, Ұлы Отаным емес пе, қастерлі анам. Ерлігімді көрсетіп елмен бірге, Ұлы Отанның жауына ойран салам! Қош аман бол! Шынарым, сыңарым. Қош аман бол! Сырласым, мұңдасым. Осы көріністі əкем кейіндері өңдеп, əн шығарды. Біз оны сахнада орындап жүрдік. Сол жігіт те соғыстан қайтпады. Келіншегі біраз жылдар мектепте біздерге сабақ беріп жүріп, кейіндері басқа жаққа көшіп кетті. Соғыс жылдарында балалық шағы өткен біз ойын дегенді білмей өстік. Қолымыз тимейтін. Ал, ара-тұра ойнай қалсақ, ағаштан мылтық жасап, бір-бірімізді атып, «Соғыс» ойнаймыз. Атса, дəл атқан, Шапса жайратқан. Біз – Отанның солдаты, Намыс пен кек қайнатқан, — деп, айтқан əнімізге дейін соғыс туралы болатын. Əже-апаларымыз қолдан пима басып, малақай (бас киім), кеудеше (куртка) тігіп жатса, біз мектептен келісімен жүн түтеміз, шұлық, нəски, бөкебай, қолғап тоқимыз. Оларды майданға жібереміз. Ауыл сыртына шығып тезек тереміз, қурай жинаймыз, су тасимыз, сол секілді қолымыздан келетін тағы басқа шаруаларға көмектесуші едік. Ел ішінде «Майданда балаңыз ерлікпен қаза тапты» деген мəтіндегі хаттар жиі келетін. Ондай хаттарды ел-жұрт «Қара қағаз» деп атаушы еді. Анамның жалғыз інісі майданға аттанғанда аяғы ауыр келіншегі елде қалған еді. Ол пошташы болып еңбек етті. Елге хат-хабар таситын. Сонда көбіне жұмыстан жылап келетін. Бір күні жеңешем босанып, ұлды болды. Алайда ол кейіндері қайтыс болып кетті. Мен жеңешемнің орнына елге хат таратып жүрдім. Бір күні бір əжеге хат апарып беріп едім, ол кісі: «Жаным-ау, мен хат танымаймын ғой! Оқып берші», — деді. Оқи бастасам… Баласының өлгені туралы хабарлаған екен. Əжей сол жерде бетін тырнап, шашын жұлып, ойбайлап құлап түсті. Баламын ғой, (3-сыныптамын) қорқып қалсам керек, мен де талып қалыппын. Ел-жұрт жиналып, дем салып, əкем келіп мені үйге алып кетті. Ұзақ ауырып, əрең жазылдым. Ол кезде баланың құқығын қорғау деген атымен жоқ еді. Қазір ғой балаларына мектеп еденін жуғызбайтыны. Жалпы мені соғыс жылдарындағы халықтың пейілі, татулықтары, сыйластықтары таң қалдырады. Шағатай деген көрші кейуана, менің əжемнің абысыны болып келеді. Екеуінің де балаларынан «қара қағаз» келген. Сонда да перзенттерін өлімге қимаған аналар жүрегі үміттерін үзбей, күте-күте тоқтады ғой. Шағатай апам күнде əжеме келіп көрген түстерін айтып, оны өзі жориды. «Абысын-ау, құдай қаласа екеуміздің де қос шырақтарымыз аман-есен келеді екен. Түнде түсімде екі шамшырақ қатар жанып тұрды», — деп, өздерін өздері жұбатып мəз болатын. Кейде сүлгі орамалды ала салып бір жағын өзі, бір жағын əжеме ұстатып қойып, шынтағымен саусағының бойына дейін орамалдың шетіне шыққанша өлшейді де: «Міне-міне, абысын, сүйінші! Көп кешікпей балалар келіп қалар» — деп, балаша қуанатын-ды. Айтқанының бəрі де орындалмай, тоса-тоса шаршаған Шағатай апам кейде қиялданып, қатты налып: «Мен бұл шұнақ Құдайдың несін алдым жалғызымнан айыратында? ең болмаса мен сорлыны бағатын бір қыз да бермепті» — деп, Құдайдың басынан аяғына дейін түк қоймай қарғап, сонан соң сұлық жатып ауырып қалатын. Сонда менің əжем жайнамазды жайып жіберіп, құбылаға қарап отыра қалады да, Шағатай үшін Аллаға жалынып: «Кең Құдай, кешір оны! Қайтсін, жаны күйгендіктен айтады ғой. Аямадың ғой сорлыны. Кешір! Кешір!» — деп жалбарынып, намаз оқитын. Не деген көңіл, не деген татулық десеңізші! Айта берсе көргенім де, білгенім де көп-ақ! Осындай аналардың зарымен, аталардың қанымен жеткен «Жеңіс күні» құтты болсын! Желпілдеп өсіп келе жатқан жастарымыз, болашақтарымыз, ұл-қыздарымыз соғысты көрмесін. Алайда, қазір қарусыз майданда өмір сүріп жатқанымызды түсіне біліп, өз елін, өз жерінің тарихын жете меңгеріп, өз тіліне, өз ділі-дініне ие болып, шынайы патриот болып өссе екен!

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ, ҚР Мəдениет қайраткері, Іле ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, тыл ардагері.