Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» жарлығына сәйкес, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге және Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең тараған шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралардың қабылдануын, мерейтойды ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту сияқты ауқымды шаралар жоспарланған. Бүгін біз ағартушы ақынның мерейтойы қарсаңында ақынның әртүрлі қырлары жайында әңгіме өрбітпекпіз. Ақынның білімге деген құштарлығы ел анасы атанған Зере әжесінің аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп, көптеген аңыз-әңгіме мен ғұламалар жайлы айтылған сөздерден оянды десек, артық айтқандық болмас. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламаларының шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады. Жазушы Мұхтар Әуезов ақынның бала кезден оқуға деген зеректігі жайында: «Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молданың бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге арнайды», -деген екен. Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару ісіне араластырады. Оған қоса, әкесі ел тартысында жалғыздық сезе бастайды. Басында «барып кел, шауып келмен» жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде от тілді, орақ ауызды, сөзге ұста би, ел тартысын екі ауыз сөзбен тоқтатар шешен, елге сыйлы атқамінер болып шыға келеді. Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда бүркітші шығады аңға». Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. «Сегіз аяқ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» сияқты өлеңдерінің әрқайсысы өз алдына ерекше. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлын А.Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», М.Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлеткен ақын ретінде де жақсы білеміз. Абай мысал өлеңдерін де шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл суреттеп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» сияқты көлемді туындылары дәлел. Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам. Оның іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Ұлы Абайды өмір, қоршаған орта, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Ұлы ақын үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші өйелі Әйгерімнен — Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ. Абай тек өзі ғана білім алып, ізденіп қана қоймай, балаларын да барынша оқытуға тырысқан. Ең көп оқыған офицер баласы – Әбдірахман. 1890жылдары ол құрт ауруынан қайтыс болады. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан өледі. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді. Сол жылдары бас қайғысымен қатар Абай өзінің дос деген адамдарының қиянатын, алдауын, өтірігін де көреді. Бір сайлауда өзінің інісін болыстыққа сайлаймын деп келгенде бұрын ешбір сыр бермейтін достары бір-ақ түнде жат болып шыға келеді. Оның інісін құлатып, өз кісілерін сайлап кетеді. Онымен қоймай, Тобықты ішінде бұрыннан онымен сілкілесіп жүрген ең басты қарсыласы Оразбай бір сайлауда Абайды өз кісілеріне сабатып та алады. Осы іспетті соққылармен күресіп келе жатқанда ең жақсы көрген баласы Мағауия өледі. Абай ешкіммен сөйлеспей, үндемей қалады. Ал 1904 жылы 23 маусымда Мағауияның өлімінен кейін тура 40 күн өткен соң өзі де қайтыс болады. Бір жарым айдан кейін Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде дүние салады. Ұлы ақын дүниеден өткен соң, оның өмірі мен шығармашылық мұрасын көптеген ғалымдар зерттей бастады. Зерттеу алғаш Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деп Абайды аса жоғары бағалады. 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, «Ескендір» мен «Масғұт» поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазды. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмады. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар жазды. Ал, Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы роман-эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан елеулі үлесі болып саналады. «Абай жолы» Мүхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы –қазақтың тұңғыш роман-эпопеясы ретінде танымал. 1942 жылы бірінші, 1947 жылы екінші, 1952 жылы үшінші, ал 1956 жылы төртінші томы жарық көрді. Эпопеяның алғашқы «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО мемлекеттік сыйлығы берілсе ал тұтас төрт томдық «Абай жолы» үшін Лениндік сыйлық берілген. Ахмет, Мұхтарлардан да басқа қазақтың зиялылары Абай шығармашылығына қалам тербеп, ақын мұрасын зерттеп келеді. Алайда, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ақын өзі жырлағандай, Абай жұмбағын жетесіне жеткізіп әлі де болса шеше алмай келеміз. Мінеки, ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-практикалық конференциялар мен әдеби-сазды кештер, поэтикалық оқулар өткізіліп келеді. Республикалық деңгейде ақындар айтысы да өтуде. Ауданымызда да Абай мерейтойына қосқан үлесі ретінде әрбір мектеп мерекелік шара өткізіп, ақын өлеңін жатқа оқу челленджін өткізіп жатыр. Қазіргі Төтенше жағдайға байланысты Абай мұрасына арналған онлайн оқулар да өткізілуде. Мұның барлығы «Қазақтың бас ақыны» атанған алып тұлғаның құрметіне орай жасалуда. Иә, Абай биігіне жету – әрбір қазақтың арманы. Ол үшін әлемге Абай көзімен қарай білу керек. Алайда, қазақта да, әлемде де Абай жалғыз. Абай – сонысымен де Абай.

Н.МОМБЕК