ЖАҚСЫ АДАМ ЖҮР ЖАНЫҢДА

Мейрамгүл сіңлім бұл күнде зейнетке шығып, 60 деген айтулы жастың белесінде жүрсе де, қалың елге өзінің мамандығына шын берілген, оның қыр-сырын жете меңгерген үлкен жүректі жан екендігін таныта білді. «Кітапханашының жұмысы оңай, келгендерге кітап беріп, алып қана отырады» — деп түсінетіндер әлі де баршылық. Мұндайда ұзақ жылдар бойы кітапханада еңбек еткен Жәбиева Мейрамгүл Түйебайқызының еңбек жолы көпке үлгі. Мейрамгүл Түйебайқызы Алматы облысы Күрті ауданы Ақши ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Қазақтың ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кітапханашы-библиограф мамандығында білім алған. Еңбек жолын 1973 жылы өзі туып-өскен Ақши ауылының мектеп кітапханасында жұмыс істеуден бастаған ол, кітапханашы, әдіскер баспалдақтарынан аудандық кітапхана директорлығына дейін көтеріліп, сол салада 30 жылдан астам абыройлы еңбек етті. Жасынан адамның жан дүниесін, сөз қадірін түсіне де, бағалай да білетін табиғаты ерекше Мейрамгүл өзі сүйген мамандығының рахатына бөленіп, қиындығын жеңе білген. Халқымыздың небір әдемі салт-дәстүрлеріне арналған танымдық кештер, белгілі қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері, ақын-жазушылармен кездесулерді өткізгендігіне талай рет куә болдым. Жас ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстырған тұсау кесер кештерін ұйымдастырып жүріп, 2017 жылы «Іленің сырлы кештері» атты өлеңдер жинағының жариялануына аянбай ат салысты. Кітапханаға кірсең Іле өңірінен түлеп ұшқан Нұрғиса Тілендиев, Торғын Тасыбекова, Нүсіпбек Исахметов, Әнуар Нұрғожа, Кеңес Алпысбаев, Биғайша Медеу тағы басқа көптеген елге танымал қайраткерлердің еңбектеріне арналған көрмелер қойылған. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан бастап барлық облыс, аудан кітапханаларымен, тиісті мекемелермен электронды байланыста жұмыс жүргізіледі. Кітапхананың жылдық жоспарына сәйкес тоқсан сайын кітап оқырмандары конференциясы өткізіледі. Балаларды смартфон, ұялы телефоннан алшақтатып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту үшін де кітапханашылардың атқарып жатқан жұмыстары шаш етектен. Осындай игілікті шаралардың барлығы да ҚР-нің Мәдениет қайраткері Мейрамгүл Жәбиеваның басшылығымен іске асып жататын. Біздің Іле ауданының кітапханасының облыс, тіпті Республика көлемінде алдыңғы қатардан орын алып келгеніне де Мейрамгүлдің еңбегі зор. Осындай кітапханамызды Мейрамгүлден кейін де өзіміз жақсы білетін тәжірибелі кітапханашы Қарлығаш Тұранқызы Бұдығұлованың басқаруы да көпшілік көңілінен шыққан іс болды. Оған да бір жылдан асты. Осы уақытта байқағаным, кітапхана сол бұрынғы қалпында, еш өзгеріссіз жұмыс істеп биіктен көрініп келеді. Үлкеннің де, кішінің де жанашыр досы, сырласы мен сыйласы, жан сарайы ізгіліктен жаралған Мейрамгүл өнерден де құр алақан емес. Ол қазір аудандық ардагерлер ансамблінің белді мүшесі. Аудандық аналар қоғамы бірлестігін басқарады. Отбасында аяулы жар, ардақты ана, сыйлы әже. Оның жеке өмірі де үлгі мен өнегеге толы. 2019 жылы аудан орталығы Өтеген батыр кентіне Өтеген Өтеғұлұлына зәулім ескерткіш орнатылып, ауданның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Іле, Ақши ауылының маңындағы Өтеген жотасына «Бабамыздың ата жұрты» атты белгітас қойылды. Аудан көлемінде өткізілген барлық мәдени іс-шараларға жан-тәнімен үлес қосып жүретін Мейрамгүлдің «Бабамыздың ата жұрты» атты белгітас қоюдағы еңбегін атап өтуді жөн санап отырмын. Бала кезінде Өтеген батырдың осы маңды кеңінен жайлап отырғандығы, Қазыбек Тауасарұлымен көршілес болғандықтары жайында үлкендер мен ата-анасының айтқандарын естіп өскен Мейрамгүл батырдың туғанына 320 жыл толғанына орай ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлайды. Конференцияға дайындық барысында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Ақши ауылынан Өтеген батырдың қызы Толқынның ұрпақтары табылады. Толқынның зираты Күрті өзенінің бойында жатқандығы анықталады. Бұл жаңалықтарды естіген Жамбыл облысы, Қордай ауданы Өтеген батыр ауылында тұратын бабамыздың ұрпақтары және оның тікелей ұрпағы «Жандос» жеке кәсіпорнының басшысы Құлшықов Дәулеткелдінің және Іле ауданы басшыларының қолдауымен, ел болып ұйымдасып «Бабамыздың ата жұрты» атты белгітас қойылды. «Бастасаң істі жолымен, орындалар бәрі оңымен», — дегендей, дәл осы игілікті істің жүзеге асуына себепші болған Мейрамгүлдің естілігіне, алғырлығына бас иеміз. Мейрамгүл сіңілімді 12 мамыр туған күнімен құттықтай отырып, еңбегің үнемі еленіп, бақыт нұрына бөленіп, сүйікті елі мен жанашыр жақындарының ортасында ұзақ өмір сүруіне тілектестігімді білдіргім келеді.

ТӨРТКЕН КЕНЕНОВА,
ҚР-ның мәдениет қайраткері,
Іле ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз