Талдықорғанда Рәміздер күні аталып өтті

0
808

Рәміз — халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгі боп саналады. Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында рәміздер күніне арналған шара өткізілді.

Кез-келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Осыған орай «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы мен Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов жастарға елді сүю, тіл мен тарихты білу, рәміздерді құрметтеу тақырыбында әңгіме өрбітіп, жастарды патриоттыққа тәрбиеледі.

Әр елдің халықтары өздерінің мемлекеттік рәміздерін мақтан тұтады. Өз елінің Елтаңбасының, Туының бейнесін және Әнұранын біліп қана қоймай, олардың маңыздылығы мен мазмұнын білу қажет. Ол үшін олардың пайда болу тарихы туралы түсінік болу керек. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні – біздің отанымыз үшін маңызды мереке. Өзінің еліне деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, Қазақстанның болашақтағы жетістіктеріне деген сенімділік кез-келген қиындыққа қарсы тұруға мүмкіндік беретіндігін ерекше атап өтті,- «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы.

Мен өзім Қазақ елін, қазақтарды ерекше сыйлаймын. Қазақстан менің кейбіреулердің айтатынындай екінші Отаным емес. Менде бір-ақ Отан бар. Ол-Қазақстан. Басқа Отан менде жоқ. Балаларымды да осылай тәрбиелеудемін. Бәрі де қазақша таза сөйлейді. Ең бірінші тіл білуіміз керек. Ниет болса, тілді игеру қиын емес. Тілін, салт-дәстүрін, тарихын, рәміздерін құрметтеген адам нағыз патриот азамат дер едім. Ауызбірлік пен бейбітшілік болса еліміздің аты асқақтай береді,-деді «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов.

Сонымен қатар, кездесу барысында шара қонақтары спикерлермен пікір алмасып, өз сауалдарын қойды. Көбінің көкейінде жүрген сауал рәміздеріміздің кез-келген жерде еркін қолдана беруі, жарнамаға жариялап, кез келген жерде жариялануына жол берілмеуін басты назарға алуды ұсынды.