Сандықтағы – Сенікі, Музейдегі дүние – халықтікі

Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осыдан бір ғасыр бұрын: «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген халық», – деген болатын. Расында да, қай кезде де халықтың қамы, ұлттың уайымы түгесілмек емес. Төрт құбыламыздың түгелдене түсуі әсіресе тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастыққа қосылғанымызға бар-жоғы отыз-ақ жыл болған біздің мемлекетімізге оңайлыққа түспесі анық.Өркениет көшіндегі мыңдаған жылдық тарихы бар, мәдениеті мен өнері озық елдер бүгінде ең алдымен рухани байлығымен мақтанады. Сол рухани байлықтың барын жарқыратып жайып салатын басты көрсеткіші де, тарихи-мәдени мұра ретінде сақтайтын қойма-қазынасы да – музей.
Бірнеше жылдан бері табысты іске асырылып келе жатқан мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ең алдымен осы музей ісі саласына айрықша көңіл бөлуде. Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталовтың бастамасымен 1918 жылдың желтоқсанында Жаңалық ауылында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды. Бұл жерұйық Жетісудағы 25-ші музей, халықтың қаралы тарихын зерттеп, зерделейтін руханият шырақшысы ғана емес, қос аудан – Талғар мен Іле өңірі жұртшылығына мәдени, ғылыми һәм рухани қызмет көрсететін ошаққа айналуы тиіс.
Құрметті Алматы облысының тұрғындары, халыққа рухани қызмет көрсету мақсатында жаңадан құрылған біздің Музейімізжерлестерімізден, көпшілік қауымнан қолдау күтеді. Облысымызда Халықаралық музейлер күніне орайластырылып 16-22 мамыр аралығында «Музейге сый» акциясы өткізіледі.
Шежіресі бай, ата-баба тарихына бей-жай қарамайтын барша парасатты да зерделі жандарды қолдарыңыздағы құнды жәдігерлерді – мейлі ол жеке тұлғаларға қатысты отбасылық құжат, орден-медаль, тұтыну заттары болсын, немесе халқымыздың өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін этнографиялық бұйымдар болсын, көне кітап, қолжазбалар болсын, т.б. бұйым-заттарды да Музейге сыйлауларыңызды өтінеміз. Сондай-ақ қолдарыңыздағы тарихи Һәм мәдени мұраларды мемлекеттік музейге уақытша сақтауға берсеңіз ол сол табиғи қалпын бұзбастан (арнайы режимде сақталып) барша жұртшылықтың назарына ұсынылады және өте қажет кезінде өзіңізге қайтарылады.
Әрбір жеке адаиның қолындағы құнды жәдігер сандық түбінде жата бермей, көпшілік назарына ұсынылып, халықтың көз қуанышына айналуы қажет. «Қазақ – жоқшы», жоғымызды түгендейік, ағайын!

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің
меңгерушісі Мейіржан Мусабаев