Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстаннның үшінші жаңғыруы десек артық айтпаспыз. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек – бағдарламалық құжат. Екі үлкен бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың, ең алдымен, Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр. Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға болады. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді жас ұрпақтың бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда. Ең бастысы – жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным – өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.
Н. Ә. Назарбаевтың: «Патриотизм дегеніміз кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өз туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын», — дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде ең оңтайлы ұсыныс. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап, құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы өз сөзінде жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керектігін атап көрсетті. Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі – ұлттық код. Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы бәрімізге аян. Екіншісі, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. «Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау», — деді ол. Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі – «сананың
ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап – әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық. Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндетін қойып отыр. Сондықтан, Елбасы атап өткендей, еліміздің әрбір азаматы бүкіл қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар ағымдағы жағдайға талдау жасап, біздің қай жерде тұрғанымызды анықтап, әрбіріміздің не істеу керектігімізді жете ұғынуы керек. Біз біртұтас ұлы ұлттың перзенті екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Біздің жолымыз айқын. Жаңару арқылы жарқын болашаққа жетейік!

Бақытжан РАҚЫМЖАН, Іле ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы